Australian Open: Юлия Путинцева үшінші айналымға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 204-орында тұрған қытайлық Чжан Шуайды сынап көрді.

Путинцева бірінші партияны 6:2 есебімен аяқтады.

Екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:1.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін өз пайдасына жазды. Шуай 1 брейкпен көзге түсті.

Юлия Путинцева төртінші айналымға өту үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен таласады.

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 20-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында қазақстандық теннисшілер жұптық сында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар