Australian Open: Зарина Дияс төртінші айналымға шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 83-орында тұрған З.Дияс үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, Ролан Гаррос, Уимблдон турнирлерінің чемпионы, испаниялық, түбі венесуэлалық Гарбинье Мугурусамен кездесті.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте испаниялық спортшы брейк жасап кетті. Содан кейін де бес геймді қатарынан алды – 6:1.

Екінші сетте де Г.Мугуруса табысты ойнауын жалғастырды – 3:0. Тек осыдан кейін ғана Зарина өз геймін алды – 1:3. Бірақ испаниялық теннисші жеңістік бермеді – 6:1.

Матч барысында қазақстандық теннисші жиірек қателесіп, бес бірдей брейк-пойнтын пайдалана алмады.

Бәсеке 56 минутқа ғана созылды.

Г.Мугуруса ширек финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте жеңімпазы, жапониялық Наоми Осака немесе рейтингте 30-сатыдағы Тунис өкілі Онс Жабердің біреуімен таласады.

Осылайша Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Юлия Путинцева ғана қалды. Ол ертең үшінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездеседі.

Қазақстандықтар жұптық сында да онша табысты өнер көрсетіп жатқан жоқ. Кеше Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова бразилиялық-словакиялық жұп Луиза Стефани – Хейли Картерге 4:6, 3:6 есебімен есе жіберді. Ал З.Дияс пен Ю.Путинцева ресейлік Анна Калинская – словакиялық Виктория Кужмовадан аса алмады – 4:6, 2:6.

Ерлер арасында жұптық сында екінші айналымға өткен Михаил Кукушкин литвалық Рикардас Беранкиспен бірге бүгін аустралиялықтар Джеймс Дакворт – Марк Полманспен шеберлік байқасып, 6:7 (3:7), 2:6 есебімен ұтылып қалды.

Жұптық сында Қазақстаннан Александр Бублик пен Андрей Голубев қана қалды. Олар бүгін алғашқы айналымда италиялық Сальваторе Карузо – фин Эмил Руусувуоримен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Италиядағы Бьелла челленджер додасының ширек финалына шыға алмады. Ол екінші айналымда германиялық Даниэль Мазурдан 6:4, 2:6, 3:6 есебімен жеңілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар