Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аустралия ашық чемпионаты қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталды

Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстары қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталды, деп хабарлайды Kazinform. 

Аустралия ашық чемпионаты қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталды
Фото: olympic.kz

Дүниежүзілік рейтингіде 228-орында тұрған Тимофей Скатов іріктеу сайыстарының ширек финалында әлемнің 160-ракеткасы, 31 жастағы тәжірибелі босниялық Дамир Джумхурмен кортқа шықты.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басымдық танытты. Алайда сол қарқынын жалғастыра алмай, 3:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Т.Скатов 8 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ.

Д.Джумхур іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 134-ракеткасы, италиялық Джулио Зеппиеримен шеберлік байқасады. Ол рейтингіде 824-орындағы уругвайлық Пабло Куэвасты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Қазақстандықтардан Денис Евсеев пен Бейбіт Жұқаев іріктеу сайыстарын ертең бастайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Буэнос-Айресте негізгі турнирге өтті.