Аустралия электронды темекі сатуға тыйым салады

вейп
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Аустралияда қаңтар айынан бастап балалар арасында никотинге тәуелділіктің алдын алу үшін бір реттік электронды вейп сатуға тыйым салынады. Kazinform агенттігі бұл турады ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ елде вейп өндірісі, оны жарнамалау және жеткізуге тыйым салатын жаңа заңдар енгізіледі. Бұл – рекреациялық вейпингті толық тоқтату науқанының бір бөлігі.

Вейпинг темекі шегуден бас тарту әдісі ретінде жарнамаланған, алайда Аустралияның денсаулық сақтау министрі бұл «жаңа никотин тәуелділігіне» әкелгенін айтты.

Электронды темекені дәрігер рецептінсіз сатып алу немесе импорттауға тыйым 2021 жылдан бері бар, бірақ тәуелділік деңгейі шектеуге қарамастан өсіп келеді.

Сидней университеті ғалымдарының зерттеуі 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің төрттен бір бөлігі вейпинг тұтынғанын анықтады, ал Australia's Cancer Council ұйымының зерттеу жұмысында бұл жастағы жасөспірімдердің оннан тоғызы никотин вейптерге оңай қол жеткізе алатынын анықтады.

Е-темекіні импорттауға тыйым салуды басқарып отырған Марк Батлердің айтуынша, бір реттік темекі импортына 1 қаңтардан бастап тыйым салынатынын, ал терапевтік мақсатта емес қайта толтырылатын темекі өнімдерін әкелуге тыйым наурыз айына қарай салынады.

Сарапшылар вейпингтің ұзақ мерзімді әсерлері туралы әлі жеткілікті мәлімет жоқ екенін ескертеді. Джонс Хопкинс университетінің зерттеуі бұл тәжірибені созылмалы өкпе ауруы мен демікпемен байланыстырып отыр. Вейптерге құйылатын сұйықтықтарын зерттеген Аустралия ғалымдары олардың құрамында өкпенің денсаулығына әсер ететін «химиялық заттар жиынтығы» бар екенін ескертті.

Соңғы жаңалықтар