Аустралия Еуроодақтың қауымдастырылған мүшесі бола ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралия үкіметі елдің Еуропалық одаққа қауымдастырылған мүше болуы мүмкін деген ұсынысқа түсініктеме берді. Канберра қазіргі уақытта ЕО-мен сауда келісімін аяқтауға басымдық беріп отыр, деп хаәлембарлайды Еuronews.

Аустралия
Фото: Рixabay

Аустралия үкіметінің өкілі Euronews-ке берген сұхбатында ЕО мен ел арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейде нығайғанын айтты. Оның сөзінше, Канберра ЕО–Аустралия сауда келісімін аяқтауға мүдделі.

– Бұл – бір буынға бір рет келетін келісім. Ол фермерлерімізге, экспорттаушыларға, өндірушілер мен кәсіпкерлерге ЕО-ның 27 еліне және 450 млн тұтынушыға жол ашады. Аустралия – саудаға тәуелді ел, сондықтан жаһандық тұрақсыздық жағдайында сауда серіктестіктерін кеңейту экономикалық тұрғыдан тиімді, – деді үкімет өкілі.

Ал Жаңа Зеландия үкіметі Reuters агенттігіне ЕО-мен қауымдастырылған мүше болу жөнінде ешқандай келіссөз жүргізілмегенін мәлімдеді.

Бұл мәселе Еуропарламент төрағасы Роберта Метсоланың Аустралия мен Жаңа Зеландияға да ЕО-ның қауымдастырылған мүшесі болу ұсынылуы мүмкін екенін меңзегеннен кейін көтерілді. Бұған дейін Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канадаға осындай мәртебе алу жолы ашық екенін айтқан.

ЕО мен Аустралия арасындағы сауда келісімі өткен жылдың наурызында аяқталған. Енді оны ратификациялау рәсімі қалды. Алайда екі тараптағы фермерлердің ет өнімдеріне белгіленген квоталарға қатысты алаңдаушылығы келісімді бекітуге кедергі келтіруі мүмкін.

Келісім бойынша Аустралияның сиыр етіне жылына 30 600 тонна, қой мен қозы етіне 25 мың тонна квота қарастырылған. Аустралиялық оппозиция да келісімге қарсылық білдіріп, оны қайта қарауға шақырды.

Аустралия – Бразилиядан кейінгі әлемдегі сиыр етін экспорттаушы екінші ірі ел. Брюссель мен Канберра бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты квоталар бойынша келісе алмай, 2023 жылы келіссөздерді тоқтатқан.

Еске сала кетсек, Трамп Канада мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік одан әрі кеңейген жағдайда ЕО тауарларына жоғары баж салығын енгізуі немесе Еуропамен сауданы тоқтатуы мүмкін екенін ескертіп, мәлімдеме жасады.