Аустралия полициясы: Сиднейдегі лаңкестердің әкесі мен баласы екені анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Сиднейде 15 адам қаза тауып, 40 адам жараланған терактіні жасаған қылмыскерлер әкелі-балалы болып шықты. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штаты полициясының комиссары Мал Лэньон мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Аустралия, Сидней, теракт
Фото: News.com.au

Тергеу деректеріне сәйкес, Бондай жағажайында адамдарға шабуыл жасағандар — Сиднейдің оңтүстік-батысында орналасқан Бонниригг ауданында тұратын екі тұрғын екені белгілі болды.

«24 жастағы ер адам ұсталу кезінде ауыр жарақат алды, ал оның 50 жастағы әкесі қаза тапты», деп мәлімдеді полиция комиссары.

Лэньонның айтуынша, шабуылға қатысқан адамдардың ешқайсысы қанды оқиғаны алдын ала жоспарлағанының ешбір белгісі жоқ. Сондай-ақ ол шабуыл жасаушылардың бірінің шамамен 10 жыл бойы қару ұстауға лицензиясы болып, атыс қаруын заңды түрде иеленгенін атап өтті.

Қазіргі таңда Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының полициясы Сиднейдегі Бондай қалалық жағажайын толықтай жауып, терактінің себептері мен мән-жайын тергеу жүргізу кезеңінде оған жақын орналасқан тұрғын кварталдарды да қоршауға алды. Бұл туралы ведомство таратқан мәлімдемеде айтылған.

Мәлімдемеге сәйкес, дүйсенбі күні таңертең оқиға орны кеңірек қоршалып, Бондай жағажайы мен оған іргелес жолдар жабылған. Сондай-ақ Біріккен контртеррористік топтың детективтері аталған оқиғаны тергеуді бастағаны да хабарланды.

Еске сала кетсек, кеше Сиднейдегі шабуылдан қаза тапқандар саны 16-ға жуықтады. 

Бұған дейін Ханукка мерекесін тойлау кезінде Сидней жағажайында атыс болғанын хабарлағанбыз. Ол кезде кемінде он адам қаза тапқан еді.

Соңғы жаңалықтар