Аустралия жағалауынан жұмбақ күмбез табылды

СИДНЕЙ. ҚазАқпарат – Батыс Аустралиядағы жағажайда жұмбақ күмбез табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.

Аустралия жағалауынан жұмбақ күмбез табылды
Фото: Seven News

Елдің Перт қаласынан солтүстікке қарай шамамен 250 шақырым жерде орналасқан Грин-Хед жағажайынан жергілікті тұрғындар алып металл затты тапты. Штат пен федералды билік табылған затты зерттеп жатыр. Бұл нысан қауіпті саналады.

Полиция жергілікті тұрғындардан қауіпсіз қашықтықты сақтауын сұрады. Грин-Хед жағажайы тұрғындарының айтуынша, бұл – ені шамамен 2,5 м және ұзындығы 2,5-3 м-ге дейін баратын цилиндр пішіндес нысан. Зат сенбі күні кешке табылғакн.

Авиация сарапшысы Джеффри Томас бұл нысан соңғы 12 айда Үнді мұхитына құлаған зымыранның жанармай багы болуы мүмкін деп мәлімдеді. Аустралиялық ғарыш агенттігі алып цилиндр «шетелдік ғарыштық зымыран-тасығыштан» құлап кетуі мүмкін деп мәлімдеді.

Цилиндр 2014 жылы елдің батыс жағалауында 239 жолаушысымен жоғалып кеткен MH370 ұшағының бөлігі болуы мүмкін деген болжам да бар. Бірақ сарапшылар мұндай болжамды бірден жоққа шығарды.