Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аустралияда кішкентай пингвиндердің 40 пайызына жуығы қырылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияда құс тұмауының H5 вирусы кішкентай пингвиндер популяциясына қауіп төндіріп отыр. Мамандар індет таралған жағдайда Мельбурн маңындағы Сент-Килда жағалауындағы пингвиндердің 20–40 пайызы қырылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Іndependent.

Аустралияда кішкентай пингвиндердің 40 пайызына жуығы қырылуы мүмкін
Фото: Таронга табиғатты қорғау қоғамы

Сент-Килдада шамамен 1 400 кішкентай пингвин ұялайды. Биіктігі небәрі 30 сантиметр болатын бұл құстар – әлемдегі ең кішкентай пингвин түрі. Аустралиядағы олардың негізгі популяциясы Виктория штатында, соның ішінде Филлип аралында мекендейді.

Earthcare St Kilda еріктілер ұйымының президенті Лана Остиннің айтуынша, H5 вирусының бұл түрінің пингвиндерге нақты қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.

Австралияның Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл елде жабайы теңіз құстары арасында H5 вирусын жұқтырудың 78 жағдайы тіркелген. Оның жетеуі Виктория штатындағы айдарлы қараторғайларда анықталған.

Апта басында Оңтүстік Аустралия жағалауындағы Боден-Рокс аралында құс тұмауынан жабайы құстардың алғаш рет жаппай қырылғаны расталды. Әуе арқылы жүргізілген бақылау кезінде 50-ге жуық өлі және 30 ауру құс анықталған.

Виктория билігі де Нельсон маңынан көптеген өлі және ауру құстар табылғанын хабарлап, қосымша зерттеу жүргізіп жатыр. Мамандар індеттің таралуы күшейіп келе жатқанын айтады.

Қоршаған орта министрі Мюррей Уотт алдағы уақытта жабайы жануарлар арасында жаппай қырылу оқиғалары тағы қайталануы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, індеттің табиғи ортада таралуын тоқтату мүмкін емес, сондықтан негізгі міндет – жергілікті жануарлар популяциясының төзімділігін арттыру.

H5 вирусы Аустралияға ең соңғы болып жетті. Бұған дейін ол 2021 жылдан бастап Еуропа, Америка, Африка, Азия және Антарктидаға таралып, миллиондаған жабайы және ауыл шаруашылығы құстарының қырылуына себеп болған.

Еске сала кетсек, былтыр қазан айында Германияның солтүстігінде құс тұмауы өршіп бара жатқанын жаздық. Кейінірек аталған елде құс тұмауының кесірінен 500 мың құс жойылды.

Ал биыл көктемде Оңтүстік Кореяда құс тұмауының өршуінен билік қауіпсіздік шараларын күшейтті.