Аустрия Астана әуежайына 25 паспорт оқу құрылғысын табыстайды

АСТАНА. KAZINFORM — ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл аясында Аустрия Астана халықаралық әуежайына 25 паспорт оқу құрылғысын табыстайды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев мәлім етті.

Аэропорт Астана әуежайы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Министр 1 мамырдан бастап күшіне енген дипломатиялық паспорт иелері үшін визасыз режим және реадмиссия жөніндегі келісімдер екіжақты қатынастардағы маңызды кезең екенін баса айтты.

— Аустрия ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл аясында Астана халықаралық әуежайына 25 паспорт оқу құрылғысын табыстайтынын ерекше атап өткім келеді. Парламентаралық байланыстарымыз да белсенді дамып жатыр. Парламентаралық достық топтарымыздың белсенді жұмысы осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыра түсуде. Осы орайда Аустрия ұлттық кеңесінің екінші президенті Петер Хаубнер мырзаның Астанаға былтырғы сапары парламентаралық диалогқа және мүмкіндіктерге жол ашты, — деді Е. Көшербаев Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Министр Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік көпір ретінде екі ел өңірлік өзара байланыс пен саудада маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сондықтан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық сан қырлы байланыстардың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Осы саладағы әріптестікті дамытуға серпін беретін негізгі тетіктер — Үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес қызметтері белсенді жалғасып жатыр.

— Қазақстанда аустриялық компаниялардың қатысуымен көптеген бірлескен кәсіпорын жемісті қызмет атқарып келеді, мұнда 400-ден астам аустриялық компания бизнес жүргізіп отыр. Елдеріміз арасында тау-кен өнеркәсібі, көлік және инфрақұрылым, энергетика, туризм және білім салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Қазақстан Аустрияға мұнай жеткізуде негізгі әріптес ретінде энергетикалық қауіпсіздік пен жеткізілімдер тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді, — деді ҚР СІМ басшысы.

Аустриялық компаниялар үшін Қазақстанның көлік-логистика саласында, әсіресе Орта дәлізді және өңіраралық көлік байланысын нығайтуға бағытталған Global Gateway бастамасын іске асыру аясында тамаша мүмкіндіктер ашылып жатыр. Бүгін де екі ел іскерлері арасында өтетін дөңгелек үстел экономикалық әріптестікті ілгерілете түспек.

— Бүгін біз халықаралық күн тәртібін де талқыладық. Қазақстан мен Аустрия қазіргі сын-қатерлер тек бейбіт жолмен БҰҰ жарғысына сәйкес шешілуі тиіс деген ортақ ұстанымда. Кездесуіміз елдеріміз арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейі мен стратегиялық мақсаттардың ортақ екенін растады. Бірлескен күш-жігер Қазақстан-Аустрия әріптестігіне жаңа серпін беріп, ынтымақтастық арнасын кеңейте түсетініне сенімдіміз, — деді Ермек Көшербаев.

Айта кетейік, Аустрия Республикасының Еуропа және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер ресми сапармен Астанаға келді. Сапар аясында ол Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесті.

Бұған дейін Қазақстан мен Аустрия арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісім ратификацияланған еді.

Былтыр Аустрия Республикасы Федералдық Парламенті Ұлттық кеңесінің екінші президенті Петер Хаубнер Астанаға келген еді.