Аустриядағы Қазақстан азаматтарын қайтару тәртібі жеңілдейді — Сенат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында қол қойылған бұл Келісім заңсыз көші-қонға және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

- Құжат екі елдің аумағына келу және болу шарттарына сәйкес келмейтін немесе сәйкес келмей қалған адамдарды анықтау мен қауіпсіз әрі белгіленген тәртіппен қайтару бойынша тиімді рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған. Атап айтқанда, үшінші мемлекеттердің азаматтарын олардың азаматтығы бар елге, ал азаматтығы жоқ адамдарды соңғы уақытта тұрақты тұрған немесе оларға жол жүру құжатын берген мемлекетке қайтару қағидаты бекітілген. Сонымен қатар, реадмиссия туралы сұрау салудың мазмұнына қойылатын талаптар, оны жолдау тәртібі мен қарау мерзімдері, қайтаруға жататын адамдарды тасымалдау шарттары мен тәсілдері белгіленген. Тасымалдау әуе және жерүсті көлігін қоса алғанда, кез келген көлік түрімен жүзеге асырылуы мүмкін, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Мұнымен қоса, құжат дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң кепілдіктерді көздейді, оның ішінде рұқсатсыз немесе заңсыз өңдеуден, сондай-ақ байқаусызда жоғалудан, жойылудан немесе зақымданудан қорғау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге, реадмиссия рәсімдеріне байланысты тараптардың қаржылық міндеттемелері, соның ішінде көлік және транзиттеуге арналған шығындарды бөлу, дауларды реттеу тәртібі, сондай-ақ Келісімнің күшіне енуі мен қолданылуын тоқтату шарттары айқындалған.

- Қате реадмиссиялау жағдайларына ерекше назар аударылған - мұндай жағдайда азаматтардың құқықтарын бұзбай рәсімдерді түзету тетігі көзделген. Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдар ретінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Аустрия Республикасының Федералдық ішкі істер министрлігінің Иммиграция және пана беру жөніндегі федералдық ведомствосы айқындалған. Келісімді ратификациялау екі мемлекеттің құзыретті органдарының жедел әрі қауіпсіз өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз қалыптастырып, заңсыз көші-қонның алдын алу тетіктерін нығайтады және заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау мен транзиттеу рәсімдерінің тиімділігін арттырады, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мұндай келісімдерді көптеген елмен бекітті. Бүгінде Ресей, Германия, Нидерланд және Франция сияқты мемлекеттермен қоса алғанда, 20-дан астам екіжақты реадмиссия туралы келісім қолданыста.

- Цифрларға тоқталатын болсақ, 2025 жылы Ішкі істер министрлігі реадмиссия туралы 111 өтінішті қарады. Оның ішінде: Ресейден - 95, Германиядан - 13, Нидерландыдан-1, Бельгиядан - 1, Швейцариядан - 1 өтініш болды. Осылайша, Аустрия Республикасымен жасалған Келісімді қабылдау және ратификациялау құқықтық ынтымақтастықтың сенімді тетігін қалыптастырады, - деді сенатор.

Айта кетейік, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы заңға қол қойды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум