Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді

АСТАНА. KAZINFORM — Аустрия Республикасының Еуропа және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер ресми сапармен Астанаға келді. Сапар аясында ол Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесті.

Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Тараптар кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын талқылады. Ермек Көшербаев Қазақстан мен Аустрияның 30 жылдан астам уақыт бойы берік екіжақты қатынастарды сақтап келе жатқанын айтты.

Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Сіздің ресми сапарыңыз ұзақмерзімді екіжақты әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам саналады. Бұл саяси диалогымызға, Венамен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызға жаңа серпін беруге жақсы мүмкіндік туғызады. Қазақстан мен Аустрия 30 жылдан астам уақыт бұрын — 1992 жылдың ақпанында дипломатиялық қатынастар орнатқан. Бүгінде біз өзара сенімге, ортақ мүдделерге және практикалық ынтымақтастыққа негізделген нақты, мазмұнды әрі сындарлы диалогты көріп отырмыз, — деді Ермек Көшербаев ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде.

Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ министр Қазақстан Аустрияны маңызды еуропалық әріптес ретінде қарастыратынын және ынтымақтастықты екіжақты әрі көпжақты форматта одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді. 

Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Өз кезегінде Беате Майнль-Райзингер бұл сапар бұрын қол жеткізілген келісімдердің жалғасы екенін атап өтті. 

— Сізді қайта көргеніме қуаныштымын. Сіз Венаға келгенде мен Қазақстанға келуге уәде беріп едім, сол уәдемді орындадым. Біздің ынтымақтастығымыз өте жақсы бағытта дамып келеді, ал менің Ішкі істер министрімен бірге келуім Аустрияның екіжақты қатынастарды қаншалықты жоғары бағалайтынын көрсетеді, — деді аустриялық дипломат.

Аустрияның Сыртқы істер министрі Астанаға ресми сапармен келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, дипломатиялық паспорт иелері үшін визасыз режимнің енгізілуі және аустриялық бизнес делегациясының келуі Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылықтың артып келе жатқанын, соның ішінде инвестициялар мен инфрақұрылымдық жобаларға, әсіресе Орта дәліз аясында қатысуға ниетті екенін білдіреді.

Беате Майнль-Райзингер өз сөзінде тараптар энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де талқылағанын атап өтті. Оның айтуынша, Аустрия әсіресе энергетикалық ресурстар жеткізу саласында Қазақстанмен әріптестікті жоғары бағалайды.

Бұған дейін Қазақстан мен Аустрия арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісім ратификацияланған еді. 

Былтыр Аустрия Республикасы Федералдық Парламенті Ұлттық кеңесінің екінші президенті Петер Хаубнер Астанаға келген еді.