Аусыл ауруының анықталуына байланысты Ресей Федерациясының Қазақстанға қойған шектеуі карантин алынғаннан кейін де 1 жыл күшінде болады

АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Аусыл ауруының анықталуына байланысты Ресей Федерациясы Қазақстаннан тірі малдар мен мал өнімдерін жеткізуге тыйым салды.
None
None

Қазақстан шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін де, 12 ай бойы өз өнімдерін Ресей аумағына жеткізуге құқығы болмайды. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының бастығы Ақын Ыспұлаев мәлім етті.

«Маусымның 18-і күні Ресейдің ауыл шаруашылығындағы қадағалау қызметі (РАШҚҚ) Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинск ауылында анықталған індет туралы толық ақпарат беру туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетіне хат түсірді. Бұл хатқа Ауыл шаруашылығы министрігі бүгін тиісті жауабын берді», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, РАШҚҚ-тың өтініші бойынша ауру анықталған елді мекеннен малдардан тиісті патологиялық материалдар алынып, олар Ресейдің Владимир қаласындағы Жануарларды қорғау ғылыми-зерттеу институтына жіберілетін болады. Себебі, бұл Институт - Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ маңы елдері бойынша аусыл ауруына қатысты Халықаралық Эпизоотикалық бюроның - аумақтық референттік зертхана дәрежесіне ие.

Бұдан былай, Қазақстан аусыл жұқпасы анықталған Ақмола облысында тексеру және зерттеу жұмыстарын РАШҚҚ-пен бірлесіп жүзеге асыратын болады. Ал аурудың шығу себебін анықтау, жұқпа көзін табу және оның ошағын жою шаралары аяқталғанға дейін РФ аумағына Қазақстаннан мал және оның өнімдері жеткізуге тыйым салынды. «Бұл уақытша шара. Бірақ Халықаралық эпидемиологиялық бюроның ұсынысы бойынша шектеу мерзімі - карантин алынғаннан кейінгі 12 айға дейін өз күшінде болады», - деді ол.

Айта кетейік, соңғы үш жылда Ақмола облысынан Ресейге мал өнімдері жеткізілмейді. Сондықтан бұл шектеу жартылай фабрикаттар экспорттап отырған Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарына ауыр тиері анық.

Соңғы жаңалықтар