Аусыл індетіне байланысты Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары буферлік аймаққа жатқызылды - АШМ

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті республиканың барлық аумағында жасырын вирустасымалдаушыны мүмкіндігінше азайту мақсатында, аусыл вирусының құрылымсыз белогының барлығын анықтау бойынша серомониторингтік зерттеулер жүргізуді қолға алған. Сонымен қоса, жануарлар қозғалысының бақылауын қамтамасыз ету және буферлік аймақтан ауру жануарлардың контрабандалық қозғалысын жою мақсатында бірдейлендіру және мәліметтер базасын құру жолымен жануарларды есепке алу жүйесі жандана түсетін болады. Ауру жануарларды дер кезінде анықтау және қолайлы өңірлерге контрабандалық тасымалдауға жол бермеу үшін жануарларды сататын орындарға бақылау күшейтілуде. Бұдан бөлек, малдың ауруды қайта жұқтыру қаупі туралы халықты дер кезінде хабарлау үшін қолайсыз пункттерді анықтау кезінде ветеринариялық қызмет жұмысының айқындығы мен ашықтық деңгейін жоғарылатуға барынша мән беріледі.
«ҚР АШМ мал сатып алушылардан тірі малды сатып алар кезде барлық жануарлардың ветеринарлық құжаттарының, ал ірі қара үшін қосымша бірегейлендірілген құлақ сырғаларының болуына назар аударуды сұрайды. Аймақтарда індеттің таралуының басқа да маңызды факторларының бірі мал иелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және ветеринарлардың клиникалық ауру малдарды жасыруы болып табылады. Бұған еш жол берілмеуі шарт. Бұл ретте министрлік тәркілеп, жойған ауру жануарларға нарықтық құнымен 100 пайыздық өтемақы төленетіні жөніндегі ресми мәлімдеме жасалған болатын. Қазір хабарлау жиілеп келеді, әлі де белсенділік бола түссе құба-құп. Бұқаралық ақпарат құралдарынан да көмек қажет», - дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Мереке Тайтубаев.