Аутизмді еңсерген қызылордалық жас дипломмен жұмыс таппай жүр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық Ілияс Дәуен биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдады. Ол – «Қазақстан халқына» қорының алғашқы грант иегері әрі аутизм диагнозын еңсерген ерекше жас. Кейіпкеріміз қолында дипломы, IT саласына қызығушылығы жоғары бола тұра жұмыс таппай жүр.
Ілияс 2004 жылы дүниеге келген. Оған аутизм диагнозы қойылғанда жан дүниесі қалай астан-кестең болғаны анасының кешегідей есінде. Дәрігерлер «бала өскенімен миы жетілмейді, қайда апарып емдетсеңіз де пайда болмайды» деп үкім кескен. Алайда Бейбіт Әлменбетова үмітін үзбей, ұлын Ресей, Грузия елдеріне және отандық оңалту орталықтарына апарып жүрді.
- Менде ешқашан Ілиястың қолынан келмейді деген ой болған жоқ. Оны “данышпаным” деп атаймын. Ұлым бала күнінен тәттіге не ойыншыққа қызыққан емес, тек кітап пен әлем елдерінің картасына құмар болды. Алты жасында атлас картасына қызығушылығы туралы телеарна сюжет түсірді. Әріптерді де мектепке бармай тұрып өз бетінше жаттап алған еді, - дейді анасы.
Ілиястың есте сақтау қабілеті жоғары. География, тарих пәндеріне жүйрік және компьютерлік технологияға икемі зор. Компьютерді бір қарап-ақ оның моделін, шыққан жылын, құрылымын дәл айтып бере алады. Адамдармен қарым-қатынасы шектеулі болғандықтан ол анасының кеңесіне құлақ асып, болашағын IT саласымен байланыстырды. Алайда, жұмыс берушілер ерекше жастарды қабылдауға дайын емес.
- Баламның кез келген салада білімі зор. Оқу бітіргеннен кейін бір-екі жерге түйіндемесін жолдағанымызбен жұмыс табылмай жатыр. Президенттің өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына мән беру керектігін үнемі айтады. Бірақ бұл сөз жүзінде қалып отыр, - деп қынжылды Бейбіт Әлменбетова.
Өзі де арнайы түзету интернатында жұмыс істейтін ана бала дамуында отбасылық қолдаудың маңызды екенін атап өтті.
- Біздің қоғам мүмкіндігі шектеулі деген тіркестің өзіне тіксініп қарайды. Мүсіркеп, төмендеткен жағдайлар басымыздан өтті. Ілиястың іс-әрекетін үнемі бақылап, «мынау ұят болады» деп ескертіп отырамын. Біздің интернатта әртүрлі диагноз қойылған балалар оқиды. Ата-аналар жұмысбасты екенін түсінемін. Бірақ түзету орталықтарына апарып, маманға тапсырдым екен деп сонымен шектелмеуі керек. Олар белгілі бір уақытпен жұмыс істейді. Баламен отбасы болып тығыз байланыста жұмыс істемесе, нәтижеге жету қиын. Ұйқысыз өткізген түндер, жылаған кездеріміз көп болды. Бірақ көзімді сүртіп, қайтадан жиналып алатынмын. Қиындықты еңсеруде жолдасым, балаларым үлкен қолдау көрсетті, - деді анасы.
«Асыл мирас» аутизм орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлайым Күлетованың айтуынша, Ілияс – 2016 жылы Қызылордада орталық ашылғанда ең алғаш ем қабылдаған балалардың бірі. Ол кезде қоғамда аутизм туралы түсінік өте төмен еді.
- Бастапқыда ата-аналар бұл сөздің өзінен тосырқап, баласының диагнозын мойындамайтын. Ал Ілиястың анасы Бейбіт апа басқа ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізуде белсенділік танытты. Ілияс біздің орталықта әлеуметтік дағдылар бағдарламасынан өтті. Оның тілі шыққан, нұсқаулықтарды орындауы жақсы дамыған. Биыл университетті бітіргенде оқытушылары тек жақсы пікірлер айтты. Себебі ол сабағына өте тыңғылықты дайындалатын, - деді Гүлайым Күлетова.
Орталық жетекшісінің пікірінше, Ілиястың жетістігі – отбасы махаббаты мен жүйелі еңбектің жемісі. Соның арқасында ол қоғамға толық бейімделген, өзін ортада жақсы ұстайтын тұлға болып қалыптасты. Бірақ осындай талантты жастардың дипломмен жұмыссыз қалуы жүйенің кемшілігін көрсетеді.
- Өткен күндердің қиындығы да, қызық сәттері де болды. Бірақ, ең бастысы, студенттік шақ мен үшін ең ыстық естеліктерімен қалды. Енді мамандығым бойынша табысты жұмыс іздеу, жұмысқа орналасу жоспарда бар. Бар білімім мен күш-жігерімді ел игілігіне жұмсағым келеді, - деді Ілияс Дәуен.
Бұған дейін біз Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша мамандарға арналған практикалық әдістемелік нұсқаулық әзірленіп жатқанын жаздық.