«Аутизмді жеңуге болады» жобасы аясында осы дертке душар болған 30 бала тексеруден өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24-26 наурыз күндері «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалы Республикалық диагностикалық орталықта аутизммен ауыратын 30 балаға функциялық магнитті-резонанстық томография (бұдан әрі - МРТ) жасауда.
Бұл зерттеулерді өткізуге Ресейдің Неврология ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Р.Коновалов шақырылған. Зерттеулер «ДОМ» қайырымдылық қоры 2008 жылдан бері іске асырып келе жатқан «Аутизмді жеңуге болады» жобасы аясында өткізілуде.
2014-2015 жылдары Республикалық диагностикалық орталық базасында аузитммен ауыратын 3 пен 13 жас аралығындағы 58 балаға үш фунциялық МРТ жасалды.
Айта кету керек, бас миының функциялық МРТ-зерттеуі Қазақстанда алғаш рет Республикалық диагностикалық орталықта өткізілді.
МРТ зерттеуді өткізу барысында мидың функциялық нейрондық желілерінің өзгеруі мен дамуын функциялық МРТ арқылы құжаттау және сараптау әдістемесі ғана емес, МРТ шарасына төмен функциялық аутистерді екі аптадан бір айға дейінгі аралықта даярлау әдісі пысықталады. Психиатр дәрігерлерінің кеңестері беріледі.
Өткізілген МРТ зерттеулердің нәтижесінде жоғары психикалық функциялар толық қалпына келуі мүмкін деген қорытынды жасалды. Сондай-ақ, зерттеулер негізінде аутизм дертін еңсеру бойынша ұсыныс, кеңестер берілуі мүмкін.