Ауыл әкімдері бір лотпен қыруар ақшаға тауар мен қызметтерді сатып алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алулар аясында бір компаниядан сатып алынатын тауар мен қызметтердің шекті бағасы көтеріледі. ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтің айтуынша, аталған өзгерістердің арқасында жұмыстың да, тауардың да сапасын көтеруге болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл әкімдері бір лотпен қыруар ақшаға тауар мен қызметтерді сатып алады

"Заң жобасы аясында бір арнадан сатып алынатын тауар мен қызметтердің шекті сомасын 100 минималды есептік көрсеткіштен 500-ге дейін арттыру жоспарланған. Ал ауыл әкімдіктері үшін шекті сома 3000 минималды есептік көрсеткішке дейін көтеріледі. Шыны керек, бүгінде ауылдық жерде біліктіліктің деңгейі жоғары емес. Дегенмен, жаңа норманың арқасында жергілікті билік өзіне жүктелген міндетті толығымен орындай алады", - деді Р. Бекетаев бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасын таныстыру кезінде.

Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Сәбит Аxметов жаңа норманың тиімділігін түсіндіріп берді. "Бүгінде мемлекеттік сатып алулар аясындағы тауар мен қызметтрге қатысты сын жиі айтылады. Ондай проблема бар. Бізде барлығы төмен баға бергеннен кейін сапа одан да төмен болады. Сондықтан ауылдық жердегі әкімдер үшін тауар мен қызметтерді сатып алудың ең төменгі сомасын 100 минималды есептік көрсеткіштен, яғни 240 000 теңгеден 1 200 000-ге дейін көтеріп отырмыз. Демек, қандай да бір зат 1,2 млн теңгеден аспайтын болса, жақсы әрі сапалы заттарды сатып алуға мүмкіндік болады", - деп атап көрсетті С.Аxметов журналистерге берген сұxбатында.