Ауыл әкімдеріне есеп-қисап жасау негіздері оқытылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің бюджеті мен коммуналдық мүлігін игеру жұмысы жайында ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлерін қарқынды түрде дайындамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл әкімдеріне есеп-қисап жасау негіздері оқытылады

ҚР Парламенті Мәжілісі өзін-өзі басқарудың жеке бюджеті мен коммуналдық жекеменшігін енгізуді  көздейтін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші  оқылымда мақұлдаған болатын.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов атап өткендей, бюджетті жоспарлап, оны орындауға қатысты, сондай-ақ, коммуналдық жекеменшікті басқаруға қатысты жаңа қызметтерді атқару үшін әкімдер мен аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру өте маңызды мәселе.

«Зерде» оқыту орталығының базасында 2016 жылы 1381 ауыл әкімі немесе Қазақстандағы бүкіл ауыл әкімдерінің 56 пайызы оқудан өтті.

 

Вице-министр хабарлап өткендей, Мемлекеттік басқару академиясы аймақтық оқыту орталықтарымен (АОО) бірлесе отырып, ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлері үшін мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарының қызметін басқарудың құқықтық негіздері туралы, бюджетті жоспарлау, әзірлеу, қорғау мен орындау тәртібі туралы, бухгалтерлік есеп пен өзге де есептерді  ұйымдастыру мен жүргізудің ерекшеліктері туралы семинарлар ұйымдастырды.

«2016 жылы осы бағдарлама аясында 470 ауыл әкімі мен аппараттың 2083 қызметкері оқудан өтті», - деп атап өтті ол.

Вице-министр атап өткендей, заң жобасын қабылдау үшін ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлері бюджетті жоспарлап, орындау саласына, есеп жүргізіп, коммуналдық кәсіпорындарды құрып, басқару саласына қажетті білім мен дағдыға ие болуы керек.

«Әкімдер мен аппарат басшыларын оқыту үшін жаңа мақсатты бағдарлама іске қосылады. Ұлттық экономика министрлігі әкімдерді 4-ші деңгейлі бюджетпен жұмыс істеуге дайындау үшін жалпы үйлестіру жұмыстарын жүргізбек. Мемлекеттік басқару академиясының базасында АОО 36 оқытушысы дайындалып, оқытушылар мен әкімдерге және аппарат қызметкерлеріне арналған бюджеттік процесс пен коммуналдық меншікті басқару жөніндегі оқу-әдістемелік кешен дайындалады», - деп хабарлады Жұмағұлов.

Оның айтуынша, осы аталған оқытушылар дайындықтан өткеннен кейін, 14 аймақтық оқыту базасында  ауыл әкімдері мен аппарат қызметкерлері үйретіле бастайды.

Ал, семинарларға қатысқандардың жауапкершілігін арттыру үшін  оқу аяқталғаннан кейін, алған білімдерін тексеру мақсатында электронды түрде сынақ алынады.

«Ақпан айында мемлекеттік басқару Академиясы АОО-ның 36 оқытушысы мен ауыл әкімдеріне және аппарат қызметкерлеріне арнап, оқыту бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешен әзірленеді. 2017 жылдың наурызында мемлекеттік басқару Академиясының базасында АОО-ның оқытушылары үшін 5 күндік курс басталады. Ал, 2017 жылдың сәуір-шілде айларының аралығында білімін жетілдірген сол оқытушылар  АОО-ның базасында әкімдер мен аппарат қызметкерлерін үйретеді», - деп хабарлады вице-министр.

Сондай-ақ, жаңа тағайындалған әкімдер мен аппараттың жаңа қызметкерлері үшін бұл курстар жүйелі түрде өтіп тұрады. Ұлттық экономика министрлігі сондай-ақ, қосымша ретінде, бюджет процесін ұйымдастыру және коммуналдық меншікті басқару салаларындағы мамандарды тарта отырып, оқытуға арналған видеороликтер түсіріп отырады. Бұл видео-сабақтар министрліктер мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарына жарияланады, яғни, кез келген уақытта, онлайн-режимде қолжетімді болады.

Жұмағұловтың айтуынша, әкімдер сияқты, бухгалтерлік есеп пен құқықтық қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын қызметкерлер де мақсатты аудиторияға жатқызылады. 2000 адамнан астам халқы бар ауылдар оқытудың бірінші кезеңімен қамтылады. Қазір республика бойынша бұндай ауылдардың саны - 1066. Жалпы, 3198 мемлекеттік қызметшіні, соның ішінде, 1066 әкім мен 2132 аппарат қызметкерін оқумен қамту көзделген.