Ауыл әкімі пайда табу мақсатында мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіпкерлікті бірге атқарып келген - Прокуратура
АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы, ішкі істер, төтенше жағдайлар, салық және әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қолданып жатқан шаралардың толықтығына тексеру жүргізді.
Соның нәтижесінде ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңының 10 бабында көзделген мемлекеттік қызметкерлерге белгіленген шектеулерді Сайрам ауданы Қарамұрт ауылының әкімі С.Режаметов 2001 жылғы 25 маусынан бері бұзып, салық органында кәсіпкер ретінде тіркеліп мемлекеттік функцияларды орындаумен байланыспайтын кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
Ауыл әкімі салық органында кәсіпкер ретінде тіркеліп ұзақ жыл бойы есепте тұрғаны тек осы тексеру барысында прокуратурамен анықталған. Ал аудандық салық басқармасы, аудан әкімдігінің кадр немесе заң қызметі бұл жағдайларды анықтауға мүлдем шара қабылдамаған. Осыған орай, облыс прокуратурасымен заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Оны қарау барысында мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіпкерлікті қоса атқарған саяси мемлекеттік қызметкердің бұдан бөлек тағы бір қылмысы әшкереленді. «Әкім Қызылсу ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Монолит-21» ЖШС-нің директоры Е.Утеповтен аванстық төлем жасау үшін 200 мың теңге көлемінде пара алу үстінде ұсталып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпарда.