«Ауыл әкімін сайлау шілдеде басталады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ауыл әкімін сайлау шілдеде басталады» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтары жарияланды. Онда Үкімет құрамындағы бірқатар ауыс-түйістер мен тағайындаулар қамтылып отыр. Министрлер кабинетіндегі өзгерістер жайында толық білгіңіз келсе газеттің бүгінгі санын қарап шығыңыз.

Осы басылымда «Ауыр қылмыс азайғаны атап айтылды» атты материал берілген. Онда кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевты қа­былдағаны жайлы жазылған.

А.Дауылбаев Қазақстан Пре­зидентіне құқық қорғау ор­ган­дарының 2012 жылғы қызметі, Мемлекет басшысының азамат­тардың құқығы мен бостандығын қорғауды кү­шей­ту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қолдау жө­ніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады, сондай-ақ елді елеңдеткен қылмыстық істерді тергеу барысынан хабардар етті. Нұрсұлтан Назарбаев жүр­­гізілген аттестация құ­қық қорғау органдары қыз­мет­кер­лерінің кәсіби деңгейі мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік бергеніне тоқталды. Кездесу барысында Мем­лекет басшысы бұлтартпас жа­залау­ды қамтамасыз етуге және қыл­мыс­тарды ашуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. Осы­ған байланысты Қазақстан Президенті барлық қабылданған шаралар, жалпы алғанда, елдегі кри­миногендік жағдайды жақ­сар­туға көмектесетінін атап өтті.


***

«Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан «Тыйым салынған билер» атты фильм түсірді. Аталмыш туынды бүгіннен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіле бастайды»,-деп жазады «Айқын басылымы. Бұл - ел алдында ән салып, би билеп жүрген Ерболат Беделханның режиссер ретіндегі алғашқы қол­таңбасы. Сондықтан жаңа еңбек са­палы деңгейде жарық көруі үшін «Orda Brothers» компаниясы мен «Jado Productions» продюсерлік ор­талығы бірігіп тер төккен. Дайындық ша­раларына бір жылдан астам уақыт жұмсалған. Ал түсіру алаңын­дағы жұмыс 24 күнге созылыпты. Бір айға жуық «Орда» тобының ән­шілері ел алдында өнер көрсетуді тоқ­тата тұрған. Сөйтіп, елімізде бұ­рын-соңды қолға алынбаған жо­ба­ны өмірге әкелген. Бірден айта ке­тейік, бұл фильм - Қазақстан ки­­­­­­ноиндустриясы мен шоу-бизнес саласындағы биге қызығатын, биді өзіне өмірлік серік санайтын жас­тарға арналған алғашқы кино кар­тина. Фильм режиссері Ерболат Бе­делханның айтуы бойынша, би билеу - әуесқойлық қана емес, соны­мен қатар өзіңді-өзің қа­лып­тастыру, салауатты өмір салтын ұс­тану жолындағы үлкен еңбек. Бұл мақала «Тыйым салынған билер» атты тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.

«Айқын» газетінде «Ауыл әкімін сайлау шілдеде басталады» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Өткен жылдың көлемінде Президент әкімшілігіне еліміздегі түрлі мемлекеттік органдардың қызметі мен ондағы жауапты тұлғаларға қатысты 20 мыңдай арыз түсіпті. Шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлердің заңға қатысты сауатының төмендігімен байланысты екен. Егер үлкен үміт күтілген әкімшіліктік реформа тиімді түрде жүргізілсе, келеңсіздіктердің кемитіндігіне сенім бар. Бұл жайында кеше Астанада аудан, қала әкімдерімен және тиісті ведомство жетекшілерімен өткізілген жиын барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбек айтты»,-деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы бас мақала «Құтыдағы құлыншаққа телміріп қалмаймыз ба?» деп аталады. Онда бүгінгі демографиялық көрсеткішіміздің төмендеп, елімізде бала туу санының азайып бара жатқандығы айтылады. Бұған қоса белең алған бедеуліктің кесірінен қолдан ұрықтандыруға жүгінетін әйелдердің де саны өсіп бара жатқандығы жөнінде мәселе көтерілген. Аталған проблема төңірегінде тиісті мамандардың ой-пікірлері мен нақты ұсыныстары келтірілген.

Осы басылымда көтерілген тағы бір маңызды мәселе ел рухын көтеретін патриоттық әндер төңірегінде өрбіген. «Патриоттық әндер жаңармай тұр» деп аталатын ойтүрткі мақалада, кейінгі кезде ұлттық музыка саласында жеңіл-желпі, той әндерінің көптеп жазылып, керісінше ұлтжандылық, патриоттық сезімдерді ұштайтын жаңа әндердің өте аздығы туралы айтылған.