Ауыл – ел бесігі: Қарағанды облысында 32 ауылдың жағдайы жақсарады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына биыл 32 ауыл қатысады. 33 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асады, оның ішінде 22 елдімекенде жол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл – ел бесігі: Қарағанды облысында 32 ауылдың жағдайы жақсарады

Облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, өткен жылы«Ауыл – ел бесігі» бойынша 60 мыңға жуық адам тұратын 21 ауыл мен кент жақсарған болатын.

Тұрғындар үшін жаңа спорт нысандары салынып, мектептер мен интернаттар, мәдени орталықтар жөнделді. Сондай-ақ жолдар ретке келді.

Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасады.

«Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 43 924 адам тұратын 32 ауылды қамту жоспарда бар. Бұқар жырау ауданы Гагаринское ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жалғасады. Екі денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр – Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин кентінде және Абай ауданының Топар кентінде», - деп атап өтті Татьяна Аблаева облыстық аппараттық кеңесте.

Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылындағы орта мектеп қайта жаңарады.

Осакаров ауданы Батпақ, Садовое, Озерное, Шет ауданына қарасты Мойынты және Босаға ауылдарында бес мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді.

Абай, Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарының 22 елдімекенінде 134 шақырым кентішілік жолды жөндеу жоспарланған.

«Бір ауыл – бір жыл деген қағиданы ұстану қажет. Біз бір ауылға кіріп, бәрін шешіп, қайта оралмағанымыз абзал. Аудан әкімдері «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды кешенді дамыту жоспарын дайындасын. Бүкіл конкурстық рәсімдерден уақтылы өтіп, жобаларды іске асыруға кірісу қажет», - деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.