Ауыл инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы мүлдем игерілмеуде - Мұхтар Құл-Мұхаммед

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңірінде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында жоспарланған ауыл инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тіпті басталмаған да.

Ауыл инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы мүлдем игерілмеуде - Мұхтар Құл-Мұхаммед

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

«Ауыл инфрақұрылымын дамыту бойынша қаржыландыру көлемі Шығыс Қазақстан облысында 968 млн. теңге, Қарағанды облысында 946 млн. теңге, Қостанай облысында 699 млн. теңге, Павлодар облысында 574 млн. теңге деңгейінде жоспарлаған. Ал тамыздағы игеру нөл. Бұл осы өңірлердегі сіздердің жұмыс көрсеткіштеріңіздің барынша нашар екендігін көрсетеді», - деді ол.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықоваға осы мәселенің түйінін тарқату қажеттігін ескерткен М.Құл-Мұхаммед: «Біздің міндетіміз тек қана осы цифрларды белгілеу, тек қана жыл соңында оны игеру емес. Ауыл инфрақұрылымын дамытуға көмектесу үшін сіздер жыл басында-ақ конкурс өткізулеріңіз керек еді»,- деді.