Ауыл əкімін есептік кездесуде ғана көреміз – қария Жамбыл облысының әкіміне шағымданды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының əкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жергілікті тұрғындарды әңгімеге тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл əкімін есептік кездесуде ғана көреміз – қария Жамбыл облысының әкіміне шағымданды

Өңір басшысы алдымен аудандағы Тараз-Сарыкемер-Түймекент облыстық мəндегі автомобиль жолының Қостөбе учаскесінде атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Бұдан кейін аймақ басшысы Сарыкемер ауылындағы Кенен Əзірбаев атындағы балалар саз мектебінің күрделі жөндеу жұмысын көрді. Құрылыс жұмыстарын «Жолаушы-СКШ» ЖШС жүргізіп жатыр.

Серіктестік директоры Әмірбек Төлебаевтың айтуынша, мектепке «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 98 миллион теңге бөлінген. Құрылыс алаңында 15 адам жұмыс істеуде. Ғимарат шатырынан бастап толығымен жаңартылмақ.

Облыс әкімі мектеп іргетасының төмендігіне назар аударды.


«Бұл ғимаратты бұзып қайта соғу керек еді. Қанша дегенмен жаңаның аты жаңа. Ал сендер пайдалануға берілгеніне 52 жыл болған ғимаратты қайта күрделі жөндеуден өткізіп жатырсыздар. 98 миллион теңгені жөндеуге жұмсағанша, оған 20-30 миллион теңге қосып, жаңасын салған дұрыс емес пе? Енді мұны қанша жыл пайдаланады? Соны ойлау керек еді. Қабырғасын биіктетіп жатырсыңдар, оны іргетасы көтере ала ма?»- деді Б.Сапарбаев.

Серіктестік директоры бұл ғимараттың әлі кемінде 25 жыл қызмет етуге жарайтынын айтып сендірді. Серіктестік нысанды желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қосақ ауылындағы Қосақ негізгі мектебі де күрделі жөндеуден өткізілген. Бердібек Сапарбаев мектептің сынып бөлмелерін аралап, ондағы оқып жатқан оқушыларды әңгімеге тартты.

Мектеп ауласынан шыға бергенде өңір басшысы мектеп тұсынан өтіп бара жатқан ауыл қариясы Бекен Сапақовты тоқтатып, ауыл тіршілігі туралы әңгімелесті. Ауыл қариясы да кездесуді пайдаланып, ауылдың жай-күйі туралы қысқаша баяндады. Ақсақал ауылға спортзал, мал базары керектігін тілге тиек етті.

«Біз учаскелік полиция инспекторын көрмейміз. Ал ауыл əкімін есептік кездесулерде ғана көреміз. Оны басқа уақытта ұстау мүмкін емес»,- деп шағымданды Б.Сапақов.

«Әкімдер тек есеп беріп қана қоймай, халықпен жиі кездесіп тұруы тиіс. Учаскелік полиция инспекторын тəртіпке келтіреміз. Мал базарын әлі ашуға болмайды. Онда халық карантин шараларын сақтай бермейді», - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Камал Чаушов шаруа қожалығының 25 гектар алқапқа егілген қант қызылшасын көрді. Қожалық төрағасы бір гектардан 650-700 центнерден өнім жинап жатқанын айтты.

Алдағы жылы да мұнда тәтті түбір отырғызбақ. Шаруа аймақ басшысынан қант зауыты былтырғыдай ақшаны кешіктірмеуге көмектесуін сұрады.

Ал Бурыл ауылындағы «Яншар» шаруа қожалығының жетекшісі Яшар Бешлиоглы қант бағасының өскенін тілге тиек етіп, қызылшаны қабылдау қабылдау құнын да көтерсе деген тілегін білдірді.

Бердібек Сапарбаев қант зауыты биыл ақшаны халыққа уақтылы тарататынына сендіріп, тәтті түбір бағасын көтеру мәселесін қарастыруға уәде берді.

Бұдан кейін өңір басшысы Мырзатай ауылындағы Белқожа каналының, Бурыл ауылындағы Бурыл орта мектебінің, «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық мəндегі автомобиль жолдарының ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.