«Ауыл көшіріледі» деу - асығыстық» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Ауыл көшіріледі» деу - асығыстық» - баспасөзге шолу

***

Күні кеше Алматыда дүркіреп өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатына Иран ұлттық құрамасын федерация президенті әрі басжаттықтырушы Хоссейн Резазаде бастап келді. Жаһанға «Иран Геркулесі» деген лақап атпен танымал болған ол көп жылдарданбері планетаның ең күшті адамы саналып келеді, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Әлемдегі ең күшті адам» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, осы кезге дейін аса ауыр салмақта Олимпиялық ойындардың екі дүркін, әлемнің төрт мәрте, Азия ойындарының екі рет чемпионы атанып үлгерген атлеттің 2000 жылы сонау Сиднейде қоссайыс бойынша жасаған, 4 жылдан кейін Афинада қайталаған 472,5 килолық әлем рекорды, міне, 14 жылдан бері әлі сол күйі мызғымай тұр.

Газет осы спортшыдан алған сұхбатын да оқырманға ұсынып отыр. Сұхбатта атақты спортшы өзінің жетістіктерін туған халқымен байланыстырады.

« Мен өзімнің барлық табыстарымның негізгі қайнар көзі патриотизмде жатыр деп есептеймін. Себебі, мен туған елімді, мені дүниеге әкелген халқымды ерекше жақсы көремін. Мен өзімнің қандай да бір жетістіктеріме парсы жұрты қолдауының арқасында жеттім. Егер мені халқым қолдамаса, халқым көтермесе, халқым тілекші болмаса, осы күнге дейінгі асқан асуларымның бірде-біріне қол жеткізе алмаған болар едім», - дейді ол.

Басылым Есіл ауданының Калачи ауылындағы ұйқы ауруы туралы жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, арнайы комиссиялар, жұмыс топтары құрылып, кешенді зерттеулер жүргізілгенімен тосын жағдай тағы да қайталануда. Дүрбелең басталғалы екі жылға айналып, беймәлім дерт бүгінгі күнге дейін дүркін-дүркін бой көрсетуде. Әсіресе, биылғы күз айларында жиі тіркелген.

Кезінде 680 тұрғыны болған Калачи отыз жыл уран өндірумен айналысқан Красногор кентінен небәрі 600 метр қашық­тықта орналасқан. Уран өндірісімен айналысқан жабық қала Красногордың 6,5 мың тұрғыны болса, қазір олардың саны 130 адамды құрайды. Кеңес өкіметі құласымен руда өндірісі жұмысын тоқтатып, шахталар жабылды, топырақ құрамы да залалсыздандырылған.

Кеше бұл іске «Радиациялық медицина және экология» ҒЗИ мен Кәсіби кесел және еңбек гигиенасы Ұлттық орталығы, Алматы қаласындағы мамандандырылған екі бірдей мекеме кірісті. Мұнда жоғары деңгейдегі мамандардың қатысуымен Калачи ауылына әсер етуші факторлар жан-жақты сарапталады. Атап айтсақ, жұмыс барысында ауа құрамына 500-ге жуық, радиациялық әсерге қатысты 760, биологиялық материалдар бойынша 29 рет тексеріс жүргізіліп, азық-түлік, ауыз су сараптамадан өткізілді.

Зерттеу нәтижелері Ведомствоаралық топтың жұмыс қорытындылары бойынша жарияланатын болады. Мұндайда алдын­ала байлам жасауға болмайтыны анық. Әйткенмен, жұмбақ кеселдің нақты себеп-салдары мен диагнозы табылмағанын айтқан жөн, дейді мақала авторы.

Басылымның атап өтуінше, осы жолы отандық және шетелдік бірқатар ақпарат құралдарының «Ауылды түп тамырымен сүріп тастап, тұрғындарын аудан орталығы мен ірі елді мекендерге көшіруге шешім қабылданды», деген хабарларының асығыс сілтенгендігі байқалды. Ауылда екі пәтерлік алты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұның екеуі пайдалануға дайын. Тек аулалық абаттандыру жұмыстары кешіккен. Соған қарамастан, кезегі келген 12 отбасы қоныс тойын тойлауға асығулы. Сондай-ақ, өңір басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткізілген жергілікті мектепте болып, шағын орталықтың жұмысымен таныстық. Осында Сергей Кулагинннің Калачи және Красногор кентінің тұрғындарымен кездесуі болды. Мақала «Ауыл көшіріледі» деу - асығыстық» деген тақырыппен берілген.

***

Сіздің «Ақылды аялдама» де­ген сөз тіркесін естігеніңіз бар ма? Бұрындары алыс шетелдерге барып келгендер бұл жайлы жыр ғып айтатын. Бізге таңсық дүние. Көпшілік үшін жаңалық, деп жазады «Айқын» газеті.

Басылымның мәліметінше, Талдықорған қаласы тұрғындары екі жылға жуық уақыттан бері осы «Ақылды аялдаманың» игілігін көре бастады. Анығын айтқанда, 2012 жылдың желтоқсан айында, ел жаңа жылды қарсы алмаққа қызу дайындыққа кіріскен кезде қала тұрғындары үшін күтпеген тосынсый болды.

Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың иннова­циялық экономиканы құру, за­манауи ақпараттық техноло­гияларды енгізу жөніндегі тап­­сырмалары негізінде, облыс­тық және қалалық әкімшіліктің қолдауымен Smart City ком­па­ниясы жер жәннаты Жетісу же­ріндегі Тал­дықорған қаласы жолаушылар тасымалы кәсіп­орындарының қызметін ав­томаттандыру ба­ғытындағы ірі жобаны қолға алған болатын. Іс нәтижесіз емес. Осылайша, бұл қала еліміздегі қалалық көліктің ғарыштық мониторинг және оның қызметі туралы тұ­тыну­шы­ларды ақпа­раттан­дырудың толыққанды кешенді жүйесін енгізіп, іске қосқан тұңғыш қала болып тарих бетіне жазылды.

«Жоба іске аса бастаған кезден Талдықорған қаласының барлық автопарктері мен диспет­черлік қызметтері Wialon мони­торингі жүйесі мен BusReport бағдарламасына көшті. Осының арасында қаладағы әрбір авто­бустың жүріс-тұрысын, олардың бекітілген кестеге сай қозғалуын, бағытын немесе одан ауытқуын, рейстер арасындағы интер­вал­дардың қатаң орындалуын дер кезінде ғарыштық технологиялар арқылы бақылап отыруға мүм­кіндік туды. Автобустар жол апатына түсіп немесе сынып қалса, диспетчер­лер оларға бірден көмек жібере алады. Бұл - қалалық басқару органдарының, кәсіпорындардың қала тұрғындарына, әрбір тұты­нушыға көрсетіп жатқан қызме­тінің сапасын арттыру тұрғысында ізденуіне, жаңаша еңбектенуіне жол ашады деген сөз», - дейді Тал­дықорған Жолаушылар тасы­малдау басқару жөніндегі орталық директоры Данияр Қанаев мырза.

«Айқын» газетінің мәліметінше, ұлттық мұрамызды ұлықтап жүрген бір топ өнер өкілдері Бельгия және Франция мемлекеттерінде концерт қойып қайтты. Шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Париж қалалық Де ля Вилль театрының және France радиосының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Еуропа төріндегі қазақ мәдениетінің күндері барысында дәулескер күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Сержан Шәкіратов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, өнер зерттеушісі Абдулхамит Райымбергенов, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Ұлжан Байбосынова, сыбызғышы Талғат Мұқышев, ұлттық аспап жасау шебері Жолаушы Тұрдығұлов, қобызшы Раушан Оразбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақжусан Имамғазы табысты өнер көрсетті. Делегацияны бастап барған Ұлжан Байбосынованың айтуынша, жергілікті халық үшін қазақ музыкасы аса таңсық емес. Өйткені аталмыш театр осыған дейін бірнеше мәрте Қазақстан өнер шеберлерінің концертін жоғары деңгейде өткізген.

Мақала «Еуропаны елең еткізген ерекше концерт» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Время» газетінің жазуынша, Тараз қаласында адам айтса нанғысыз шым-шытырық оқиға орын алған. «Бесштатный побег» деген тақырыппен берілген материалда өткен апта соңында жеті жылға сотталған қылмыскердің сотталғандарды таситын арнайы көліктен қашып кеткені туралы жазылған. Осы күні Тараз тұрғындары қарашаның қара суығында қала көшелерімен зытып бара жатқан жалаң аяқ, жалаң бұт адамды көреді. Кейін белгілі болғандай, ол алаяқтық үшін сотталған Байзақ ауданының тұрғыны Әділхан Тәжиев болып шықты

Полицейлердің түсіндіруінше, «Арнайы көлік Жамбыл даңғылы мен Ниетқалиев көшесінің қиылысындағы бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған кезде, Тәжиев көліктен секіріп түсіп, қашып кеткен».

Бұл жерде көптеген заңды сұрақтар туатыны айтпаса да түсінікті: сотталушы қолындағы кісенді қалай ашқан, темір тордан қалай шыққан, арнайы көліктің есігін қалай ашқан, неліктен етігі мен шалбарын шешіп тастаған (оларды конвоирлер көлік ішінен тапқан)?

Бұл сұрақтардың жауабын қазір Жамбыл облыстық ІІД қызметкерлері іздестіруде. Ал конвоир Закир Фазлиевке қатысты «Немқұрайдылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Осы күннің ертеңінде жеке қонақүйлердің бірінде ұсталған қашқын да адам сенгісіз оқиға айтып берген. Оның айтуынша, өзін алып бара жатқан көлік шұңқырдан қатты жылдамдықпен өткен кезде қолындағы кісен үзіліп кетіп, сонымен қатар темір тордың есігі де ашылған. Осы кезде бұл оған берілген мүмкіндік екенін түсініп, көліктен бір-ақ қарғыған. Ад шалбары мен аяқ киімін жылдым жүгіру үшін шешіп тастаған...