«Ауыл» партиясы Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған 12 республикалық шара өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясы Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған 12 республикалық шара өткізеді. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы орталық аппаратының жетекшісі Фарид Ақбердиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше теледидардан Үкімет отырысы көрсетілді. Онда Президент тіпті ауылдың да мәселесімен айналысуына тура келіп отырғандығын айтқан еді. Бұл мәселелермен айналысатын әкімдердің, министрлердің болуына қарамастан Президентке барлығы үшін жауап беруіне тура келеді. Себебі 1995 жылы қабылданған Конституцияда барлық жауапкершілік Президентке жүктелген. Сондықтан Президент оң шешімдер қабылдайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, президенттік басқарудың арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде өсіп-өркендеген мемлекет құра алдық.
«Ал ендігі уақытта Президент атқарушыларға өздеріне жүктелген іс үшін жауап беретін қызметтерді беру қажеттігін айтып отыр. Бұл мәселеде көптеген сұрақтар туындайтын болғандықтан «Ауыл» партиясы конституциялық реформа мен Елбасы Жолдауын талқылауға арналған іс-шаралар жоспарын түзді. Мәселен, ендігі уақытта Президенттің жоғары арбитр болатындығы айтылуда. Әрине, биліктің бірнеше тармағы болған кезде олардың өкілеттіктерін реттейтін адам қажет», - деді партияның аппарат басшысы.
Сондай-ақ ол «Ауыл» партиясы Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған 15 шара өткізгендігін, жыл соңына дейін дөңгелек үстелдер, актив жиналыстарын өткізуді көздеп отырғандығын айтты.
«Жылдың соңына дейін партия республикалық деңгейдегі 12 шараны өткізетін болады», - деді Ақбердиев.