«Ауыл» партиясы түрлі саладағы еңбек озаттарын марапаттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 122 мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы түрлі саладағы еңбек озаттарын марапаттады

«Еңбек адамы – ел тірегі» әлеуметтік бастамасының қорытындысына арналған салтанатты шарада ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, мәдениет, спорт және басқа да салаларды дамытуға елеулі үлес қосқан партия мүшелері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

«Соңғы 4 жылда «Ауыл» партиясы әр жылды қорытындылап, партия мүшелеріне, еңбек озаттарына түрлі ведомтсволық марапаттар мен партияның наградаларын табыстап жүр. Ол өзінің жемісін де беріп жатыр, жылдан-жылға еңбек озаттарының, әсіресе жастардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан, осының бәрін ескере отырып, соңғы екі жылда өз «Еңбек адамы – ел тірегі» бастамасын көтердік. Себебі, біздің экономиканы көтеру мәселесін айтқанда еңбек адамы бірінші орында тұруы керек. Экономиканы көтеріп, өндірісті дамытып жатқан да – еңбек адамы, станоктың басында тұрған, трактор, комбайн айдап жүрген, мал бағып жүрген, астық-көкөніс егіп жүрген еңбек адамдарының арқасында біздің экономикамыз дамып, тұрақты түрде сақталып отыр», - деп атап өтті «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Партия төрағасы еңбек адамының ерлігін, жетістігін көпшілікке дәріптей білуді мақсат еткендерін еске салды.

«Пандемияға байланысты көп адам жинай алмай отырмыз, санитарлық талаптарды сақтауға тура келді. Биыл 2020 жылдың қорытындысы бойынша түрлі салада еңбек еткен 122 адамды түрлі наградаларға ұсынып, соны сіздерге тапсырғалы отырмыз. Олардың барлығы – «Ауыл» партиясының мүшелері. Барлық өңірлерде өздеріңіз сияқты еңбек озаттарын шақырып, филиал төрағалары марапаттап жатыр. Сондықтан, бұл жұмыс әрі де жалғасады», - дейді Ә. Бектаев.

Айта кетейік, «Еңбек адамы – ел тірегі» бастамасы аясында соңғы төрт жылда «Ауыл» партиясының 700-ге жуық мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды, оның 30 пайызға жуығы – еңбек ардагерлері. 2020 жылы партияның бес мүшесі «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» мемлекеттік наградаларының иесі атанды және 117 партия мүшесі министрліктердің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Бүгін партияның барлық филиалдарында «Еңбек адамы – ел тірегі» әлеуметтік бастамасының жылдық қорытындысы шығарылып, марапаттау рәсімдері өтеді.