«Ауыл» партиясының құрамы өзгерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XIV сьезі өтті. Күн тәртібінде президиум құрамына өзгеріс енгізу мәселесі де болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, «Ауыл» ХДПП-ның Саяси кеңесі Президиумының құрамынан Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалдың бұрынғы төрағасы Амангелді Баянов пен «EXPO&Women» ұйымының басшысы Салтанат Раxымбекованы шығару, ал орталық аппараттың жетекшісі Қуаныш Сейітжанов пен БҚО филиалының қазіргі төрағасы Мынатаубиік Әнесовты қабылдау туралы шешім бар. Партия мүшелері аталған шешімді бірауыздан қабылдады.
Бұдан бөлек, сьезд кезінде партияның жаңа редакциядағы Жарғысы қабылданды. Түркістан облысының құрылуына байланысты «Ауыл» ХДПП-ның Шымкент қалалық филиалын және Түркістан облыстық филиалын ашу туралы шешім шығарылды. Ал Орталық аппараттың мекен-жайы Астана қаласы, Есіл ауданы, Алматы көшесі, 1 болып өзгертілді.
«Ертең, 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Партиямыздың жоғарғы басқарушы органының бүгінгі жиыны осынау ұлық мерекемен тұспа-тұс келуі біз үшін үлкен символикалық мәні бар. Құрылған күннен бастап Елбасының елдік жолындағы әрбір бастамасын қолдап, салиқалы саясатының жүйелі жақтаушысы болып келе жатқан «Ауыл» партиясы болашақта да ел мүддесі үшін межелеген саяси бағдарынан ауытқымақ емес», - дейді партия басшысы Әли Бектаев.
Айта кетейік, партия төрағасы өз баяндамасында ауылдың бірнеше проблемасын көтерді. Соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына жеңілдік беру мәселесі бар.