Ауыл шаруашылығы мамандары БҚО-дағы киіктер өлімінің салдарын анықтады

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Соңғы екі жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киіктердің жаппай қырылу оқиғалары орын алып келеді.

Ауыл шаруашылығы мамандары БҚО-дағы киіктер өлімінің салдарын анықтады

2010 жылы мұнда 12 мың бас киік өлсе, биылғы жылы олардың саны 500-ді құраған. Бұл ретте өлген киіктердің 95 пайызы аналықтар мен лақтар екенін айта кету керек. Бүгін Астанада еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті мен халықаралық ұйымдардың өкілдері және мал дәрігерлері жиналып, осы мәселені бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижесін жария етті және ол бойынша өзара пікір алмасты.

Мәжіліс барысында киіктерге қатысты орын алып отырған мәселе жайында сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаевтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында екі жылдан бері киіктердің қырылу жағдайлары орын алып отыр. «Жануарлардың жаппай қырылу жағдайлары жыл сайын ылғи да бір жерде орын алатындықтан, біз бұл мәселені зерттеуге елімізбен бірге халықаралық сарапшыларды да шақырдық. Өткен жылы естеріңізде болса, біз киіктердің өліміне пастереллез ауыруы себеп болған деген байлам жасаған болатынбыз. Алайда бұл жануарлардың өліміне себеп болып отырған басты мәселе емес еді. Киелі жануардың өлімінің басты себебін бүгін сарапшы мамандар анықтап отыр. Олардың деректерінше, киіктер шөпті шектен тыс көп жеп, іштерінің кебуі салдарынан өлуде»,-дейді комитет төрағасы.

Мал дәрігері, вирусолог маман Әділқасым Жақыпбаев бұл мәселені былайша түсіндіреді. «Киіктер өлген аймақта тұман болып, шөпке көп мөлшерде шық түскен. Біз ол жерді барып көрген кезімізде жердің шөбі өте шүйгін болып шықты. Ал киік болса лағын туғаннан кейін оның төлі жатады да, аналық киік шөп іздеп кетеді. Маңайда су болмаған соң аналық киік шық басқан шұрайлы шөпті шектен тыс көп жеп, іші кеуіп өледі. Ал оның төлі анасы жоқ болған соң аштан өледі»,-дейді маман.

Осыған байланысты басқосуға қатысушылар мәселенің шешімі ретінде киіктер жайылатын аймақтағы шөпті өртеу қажет деген байламға келді. «Жәнібек ауданындағы шүйгін көк шөбі бар жерлерді анықтап, мамыр айында, яғни киіктер келетін мезгілде шауып тастау керек. Шабылған шөпті киік жемейді немесе гирбицид дәрісін қолданып, шөпті күйдіріп жіберуге болады»,-дейді мамандар.