Ауыл шаруашылығы министрі алдағы жылы шегірткенің үйірлі емес тобының өсіп-өнуіне алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев шегірткенің үйірлі түрлері бойынша елімізде жағдай тұрақты екенін және қазіргі кезде ұдайы бақыланып отырғандығын жеткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңес барысында үйірлі емес шегірткенің мәселесіне тоқталған министр, «атап айтқанда, үйірлі емес шегірткелер бойынша жағдай алаңдаушылық туғызып отыр. Олармен күрес ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тарапынан және жергілікті бюджет есебінен жүргізілуі тиіс»,-деді.
А. Күрішбаевтың айтуынша, бүгінде өңделуі тиіс 536 мың гектардың бестен бір бөлігі ғана өңделді.
«Қазіргі кезде зиянкестердің жұмыртқа салу кезеңі өтіп жатыр. Осы орайда алдағы жылы үйірлі емес шегірткелердің дамитындығын сеніммен айтуға болады. Бұл жағдай егіске анық қатер туғызуы мүмкін»,-деді ол.
Осы орайда министр, тиісті агротехникалық шараларды жүзеге асыру керектігін қадап айтты.