Ауыл шаруашылығы министрінің төрағалығымен облыс әкімдері орынбасарларының, ауылдық аумақтарды дамыту бөлімдерінің алқа мәжілісі өтті

АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат - Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы мәселелерін басқаратын облыс әкімдері орынбасарларының, облыстардың ауылдық аумақтарды дамыту бөлімдерінің, құрылымдық бөлімшелердің бастықтарының қатысуымен алқа мәжілісі өтті.

Ауыл шаруашылығы министрінің төрағалығымен облыс әкімдері орынбасарларының,  ауылдық аумақтарды дамыту бөлімдерінің алқа мәжілісі өтті

 Онда ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасының іске асырылу барысы туралы мәселе қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпаратАШМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Алқа мәжілісінде Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитет төрағасы С.Т. Тұңғышбековтың және Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы міндетін атқарушы А.О. Орманның баяндамалары тыңдалды.

 Қазақстан Республиканың ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 535,8 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 227,8 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 243,9 млрд. теңге және басқа көздерден 63,9 млрд. теңге қаржы бағытталғаны атап өтілді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдары республиканың ауылдық елді мекендерінде білім беру нысандарымен қамтамасыз ету 173 бірлікке көбейіп, нормативтерге сай келмейтін мектептердің саны 122 бірлікке кеміген. Денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз етілмеген елді мекендердің саны 38 бірлікке дейін азайған. Газбен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендер саны 228 бірлікке көбейді, орталықтандырылған электрмен жабдықтауға қосылмаған ауылдардың саны 109 бірлікке кеміп, бүгінде барлық ауылдық елді мекендер телефондандырылды.

Мемлекеттік бағдарламаны және «Ауыз су» салалық бағдарламасын іске асыру шеңберінде 985 мың ауыл тұрғындары орталықтандырылған су көздерінен сапалы ауыз суға қол жеткізді, ал республикадағы су құбырлары бар ауылдық елді мекендерінің үлесі 27,6 пайыздан 37,3 пайызға дейін өскен.

Алайда ауылдық жерлерде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Бұл - жергілікті маңызы бар жолдардың ахуалы, халықты сапалы ауыз сумен, электрмен және газбен қамсыздандыру, мектептердің және денсаулық сақтау ұйымдарының салынған мерзімі 40 жылдан асқан апатты және бейімделген үй-жайларында орналасуы.

Алқа мәжілісінің шешімімен облыс әкімдеріне Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысына, қайта қалпына келтіруге және күрделі жөндеуге қарастырылған қаражатты игеру бойынша шаралар қолдану, ауыл тұрғындарына әлеуметтік және мәдени қызмет көрсетуді қосымша ұлғайту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін енгізу, жергілікті бюджет қаражаттарының есебінен ауыл тұрғындарын шағын несиелеу жөнінде жұмыстарды жалғастыру және 2010 жылға арналған «Жол картасы» шеңберінде ауылдық елді мекендер басымдыққа ие әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының тізбесі бойынша бюджеттік өтінімдерді құрастыру мен жобалау-сметалық құжаттарды уақтылы және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарды қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау  ұсынылды.

Су ресурстары жөніндегі комитетке 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауыз сумен қамтамасыз етудің аяқталған нысандарын коммуналдық меншікке уақтылы тапсыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және оны беру қызметінің бағасын төмендету бойынша жұмыстарды жүргізу тапсырылды.