Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіре тұқымдас балықтарды аулауға шектеу қоюды ұсынады
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке бекіре тұқымдас балықтарды аулауға шектеу қойып, бұларды тек қана ғылыми және көбейту мақсаттарында аулау туралы ұсыныс енгізеді.
Бұл туралы бүгін аталған министрлікте өткен баспасөз мәслихатында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Үкіметке осындай ұсыныс жасап отырмыз және қазіргі таңда осы мәселе әрі қарай пысықталып жатыр. Сонымен бірге, дәл осы шара бекіре тұқымдас балықтарды аулауға құқы бар табиғатты пайдаланушылармен де бірлесе талқыланды. Олардың тарапынан біздің бастамамызға үлкен түсінушілік білдірілді», деді Ю. Ромашев.
Сонымен қатар, Комитет төрағасы министрліктің Каспий теңізі бойынша бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 10-15 жылға дейін мораторий енгізу туралы Қазақстанның ұстанымы бойынша жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді.