Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды ғана емес, оны терең өңдеу барысында пайда болатын өнімдерді де экспорттамақ

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі Елбасының тапсырмасына сәйкес, бидайды терең өңдеу өнідірісін жүзеге асырмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды ғана емес, оны терең өңдеу барысында пайда болатын өнімдерді де экспорттамақ
«Осы бағытта жоспарлап отырған жобаларымыз жүзеге асатын болса, біз 1-1,5 миллион астықты терең өңделген өнім ретінде экспорттай аламыз», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев. Бұл туралы ол Қарағанды облысына жасаған сапары барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елбасының тапсырмасы бойынша біз қазір бидайдың терең өңдеу өндірісін қолға аламыз. Сол үшін арнайы жобаларды жүзеге асыруды да жоспарлап отырмыз. Бұрын экспортқа астықты бидай және ұн ретінде ғана шығаратын болсақ, енді оны терең өңдеп, одан шығатын клейковина, крахмал сияқты өнімдерді де экспорттауды көздеп отырмыз. Бұл біздің жаңа экспорттық мүмкіндігіміз», - деді министр.Оның пікірінше, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық мүмкіндігімен қатар оның табысы да артады. Бұл үдеріс ауыл шаруашылығы саласының дамуына ықпал етеді. «Көздеген жобалар биылдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Сондықтан болашақта Қазақстан бидайына деген сұраныс артуы мүмкін. Осыған орай бізге бос жатқан жерлерді игеру қажет. Сонда біз еліміздің астық шаруашылығына, оның ішінде бидай шаруашылығына қажетті инвестицияның көптеп тартылуына ықпал етеміз»,-деді А.Күрішбаев.