Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі су қоймаларындағы балық ресурстарын аулауға шектеу қоймақ
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі су қоймаларындағы балық ресурстарын аулауға шектеу қоймақ.
Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жұмажанов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде балық ресурстары мен өзге де су жәндіктерін аулауға тыйым салатын арнайы қаулы шыққан. Аталмыш қаулының талаптарына сәйкес, көктемде, яғни балықтардың уылдырық шашатын мезгілінде осы уылдырық шашуға қолайлы жерлерде балық аулуға тыйым салынады. Бір сөзбен айтқанда, қаулының басты мақсаты еліміздегі азайып бара жатқан балық түрлерін сақтап қалу болып табылады.
«Бұл ретте біз, әсіресе Атырау өңірінде Каспий теңізі мен Жайық өзенінде бекіре тұқымдас балықтардың көбеюіне жағдай жасауды басты мақсат етіп отырмыз. Бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бар екендігінен де қалың көпшілік хабардар болар. Біздің қолға алып отырған шектеулер осындай міндеттерден де туындап отыр деп айтуға болады»,-деді Б.Жұмажанов.
Бұған қоса Балқаш-Алакөл бассейнінде балықтардың азайып бара жатқандығы байқалып отыр. «Бұл туралы қазір ғалымдар да дабыл қағуда. Осы себепті қазір республиканың кейбір аймақтарында балық аулауға шектеу қою мерзімі әдеттегіден ұзақ болады»,-деді министрлік өкілі.