Ауыл шаруашылығы министрлігі кенемен күресті дұрыс жолға қоя алмай отыр - Г. Сейітмағанбетова
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі адамға қауіпті ауру жұқтыратын кенемен күресті дұрыс жолға қоя алмай отыр.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында депутат еліміздің оңтүстік өңірлерінде соңғы жылдары конго-қырым қанды безгегіне шалдығулар орын алғанын, одан адам шығыны артқанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, осындай аурудың табиғи ошағы бар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында өткен жылы ауруды жұқтырған 26 адам тіркелсе, биылғы жылдың наурыз айынан бері тек Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ғана 8 адам тіркеліп, оның 2-еуі қайтыс болған.
«Жалпы, елімізде ветеринарлық қызмет көрсету саласында бірқатар қордаланып қалған проблемалар бар екені анықталуда. Бұның ең бастысы жоғарыда аталған ауруларды жұқтыратын және оны адамдарға тарататын кенелерге қарсы күрес дұрыс жолға қойылмай отыр. Кенелерден тазарту, өңдеу жұмыстары Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ешқандай бақылаусыз қалуда. Оны бүгінгі таңда әрбір облыс өз деңгейінде жүргізіп, шамасына қарай қаржыландырады. Ал орталықтан - Ауыл шаруашылығы министрлігінен бағытталған тұрақты бақылау әлі орнамай келеді, ешқандай да кешенді алдын алу шаралары атқарылып отырған жоқ», деді Г. Сейітмағанбетова.
Бұған дәлел ретінде депутат Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 7 жыл бойы мал өсіретін, мал өнімін дайындайтын жайлардың профилактикалық шаралардан өтпегенін алға тартты. Депутаттың айтынша, тиісті жұмыстарды жүргізбеу мал өнімдерінің қауіпсіздігіне, халық денсаулығына ауыр залал келтіреді.
«Сондықтан да, қауіпті вирустық инфекцияның алдын алу үшін жүргізілетін ветеринарлық шараларға тек мемлекеттік деңгейде, тұрақты түрде тиісті қаражат бөлінуі қажет», деді Г. Сейітмағанбетова.