Ауыл шаруашылығы министрлігі кеңестік кездегі ветеринария жүйесін жандандырмақ

АСТАНА.  17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі кеңестік кезеңдегі ветеринария жүйесін жандандырмақ.  

Ауыл шаруашылығы министрлігі кеңестік кездегі ветеринария жүйесін жандандырмақ

 Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«2006 жылғы ветеринария туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құру құқығы алынып тасталды және бұның барлығы жекеменшік ветеринарияларға берілетіндігі көзделген еді.Онда нарықтың өзі барлығын реттеп, тиісті ақылы қызметтерді жеке сектор көрсетуі тиіс болатын. Алайда, былтырға дейін жүзеге асқан бұл тәжірибе өзінің жарамсыздығын танытты. Мәселен, ауылда 2 мыңға тарта ветеринар жұмыс істеді. Ал норма бойынша 850 бас малға бір ветеринардан келуі тиіс болатын. Бұл үшін тапшы ветеринарлар саны 9,5 мыңды құрады»», - дейді ауыл шаруашылығы министрі. Оның айтуынша, бұндай көрсеткіш жеткіліксіз  әрі олардың біліктілігі де тиісті деңгейде болмады. Оның үстіне жас ветеринарлар бұл салаға бармады. Яғни, нарық өз-өзін реттей алмады.

«Соған орай, жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құруға құқық қайта берілді. Алайда, бұндай мемлекеттік кәсіпорындар құрылғанымен, олар жүйелі өзгерістер көрсетпеді. Тек биылғы жылы ғана қабылданған заң жергілікті атқарушы билікке ондай мемлекеттік құрылымдар құруды міндеттеді. Осыған орай, біз ескі, кеңестік ветеринариялық жүйені қайта қалпына келтіреміз», - деді А. Мамытбеков.

«Жалпы алғанда еліміздегі мал басының кейбір түрлерінің 85 пайызына дейін жеке үй шаруашылығының қарамағында болатынын және олардың ешқашан өз қалталарынан қаражат шығарып ветеринар қызметін жалдамайтынын ескерсек, бұндай қадамға бару біз үшін аса өзекті мәселе болып қалып отыр», - дейді ол.