Ауыл шаруашылығы министрлігі міндетті мал сою алаңдарының енгізілуіне қатысты Қостанай облысында ет бағасының өскендігі туралы ақпартты жоққа шығарады

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысындағы ет бағасының кенеттен өсуі туралы ақпарат негізсіз деп санайды.
None
None

Сонымен бірге, міндетті мал сою алаңдарының енгізілуіне қатысты ет бағасының өсуі туралы ақпаратты жоққа шығарады. Бұл туралы бүгін аталған мәселе бойынша журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аман мәлім етті , деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қостанай облысындағы ет бағасына қатысты мәселенің бұлай болуы орынсыз деп санаймын. Егер мал сою пункттері мен алаңдарына келетін болсақ, бұл мәселе 2006 жылы «Ветеринария туралы» заң жобасында қамтылған болатын, содан кейін былтыр заңға түзетулер енгізілді. Соған сәйкес, малды союға қатысты бірқатар нормалар қатайтылды. Әрине, біз елімізде ветеринарлық талаптардың әлі де жақсара түсуі қажеттігін түсінеміз. Сондықтан да, бүгінгі күні Үкімет тарапынан ветеринарлық тәртіпті қадағалудың кең ауқымдағы шаралары жүргізіліп жатыр. Ал осы талаптарға сәйкес, малды союды міндетті түрде арнайы мал сою пункттерінде немесе тиісті ет комбинаттарында жүзеге асыру қарастырылған. Бұл талапты Ауыл шаруашылығы немесе қандай да бір шенеунік ойдан шығара салған жоқ, бұл ветеринарияның нағыз талабының бірі болып табылады әрі бұл халық денсаулығын сақтауға қатысты жүргізілетін шара. Бұл ретте мен ең алдымен БАҚ өкілдерін мәселенің мәнісіне қанық болуына шақырар едім. Өйткені, бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласында тәртіп орнатуды қолға алып отыр. Екіншіден, бағаны қалыптастыру және табыс бөлігіне тауар өндіруші ешқандай зиын шегіп отырған жоқ, сатып алушы-делдалдар бағаға әсер етіп отыр. Осылайша, бағаны жасандылықпен қолдан көтерген алыпсатарлар бәрін мал сою алаңдарымен байланыстырғысы келеді. Бұл дұрыс емес», деді Е. Аман.

Жауапты хатшының айтуынша, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында сапарда жүрген Ауыл шаруашылығы министрі де мәселемен толық танысып, ондағы жағдайға әбден қанығып отыр. Қазіргі ақпаратқа қарағанда, сойыс өнімдерін тасымалдау бойынша тасымалдау шығындары да, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу құны да өзгеріссіз қалған. Сонымен бірге, ірі қараны сою мал басына - 550 теңгені, шошқа етіне - 350 теңгені құрайды. «Бұны сойылған малдың салмағына шақсақ, 5 теңгенің айналысында келеді. Сондықтан да, мал сою алаңдарының жұмысынан ет бағасы артып отыр деген бос сөз. Біз бұл саясаттан бас тартпаймыз және оны сатылап жүргіземіз. Сондықтан да, қандай да бір базарда, қандай да бір орындарда ет бағасы қымбаттаса ондағы бағаны қалыптастыруға әсер етіп отырғанның барлығын тексеру керек. Сол үшін Қостанай облысында мал сою алаңдарының енгізілуіне байланысты ет бағасы қымбаттады деген ақпаратты жоққа шығарамыз», деді Е. Аман.

Тоқтала кететін жайт, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылғы ақпанның 11-інде Қостанай облысында 37 мал сою пункті және 60 мал сою алаңдарын салу ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар