Ауыл шаруашылығы министрлігінде балық экспортына қатысты мәселелер талқылануда

әуірдің 6-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен еліміздегі балық шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтуде.
None
None

Жиынға Қазақстанның балық шаруашылығына қатысты мүдделі мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, шаруашылық және қоғамдық ұйымдар өкілдері, экспорт мәселелері бойынша сарыпшы-мамандар қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосудың күн тәртібіне сәйкес, балық шаруашылығындағы экспорттық операциялар кезінде қосымша құн салығын қайтару мерзімін қысқарту, өнімді экспорттауға арналған қажетті рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді жеңілдету шаралары талқылануда. Сондай-ақ жиын барысында отандық балықты қайта өңдейтін кәсіпорындарды ынталандыру, балық саласындағы кәсіпорындар үшін жеңілдетілген салық салу мәселелері жайында әңгіме өрбімек.

Сонымен бірге, дөңгелек үстел отырысында Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттері арасындағы Кедендік одақ жағдайында балықты қайта өңдеу саласын жандандыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұдан бөлек, Еуропалық одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттауға кедергі болатын факторларды айқындау, отандық балық өнімдерін шығарушыларды шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

Жиынның қорытындысы бойынша халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, балық өнімдерін қайта өңдеу саласында мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларына қатысты ұсыныстар әзірленетін болады. Сонымен бірге, балық өңдеу саласындағы кедергілерді еңсеру мақсатында министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне және басқа да мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктеледі.

Соңғы жаңалықтар