Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі егісті несиелеу мәселесі талқыланды

АСТАНА. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі егісті несиелеу мәселесіне байланысты министр Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен Сенат және Мәжіліс депутаттармен кездесу өтті.
None
None
Бұл жиынға оңтүстіктегі облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылық басқармаларының басшылары қатысты, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Министрліктің баспасөз қызметінен. Облыс әкімшіліктерінің ауыл шаруашылық басқармаларының мәліметтері бойынша, 2009 жылы 17,8 млн. га. алқапқа дәнді дақылдар егу жоспарланып отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1,4 пайызға көп. Оның 16,0 млн. гектары астық дақылдары болса, майлы дақылдар 824,5 мың, мақта 158,4 мың, қант қызылшасы 16,4 мың, бау-бақша, көкөніс, картоп ? 327,5 мың, мал азығы 433,3 мың гектарға егіледі. Қазір шаруаларға қажетті (2068,5 мың тонна) тұқымның 99,9 пайызы қолда бар. Ал, көктемгі егіске бөлінетін несиенің пайыздық үстемесін төмендету туралы депутаттардың ұсыныстарына нақты жауаптар берілді. Екінші дәрежелі банктер ауыл шаруашылығына несие бөлмей отырған кезде, Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тәуекелге бел байлап 12 пайыз мөлшерде берілуінің өзі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлкен ықпал ететіні айтылды. Сонымен қатар, депутаттар аймақтардың және дақылдардың ерекшеліктеріне қарай несиенің берілу тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Ортақ пікір алысу нәтижесінде кейбір дақылдар бойынша (күріш, мақта) несиенің қайтару мерзімін бір айға ұзартуға келісті. Көктемгі егіс науқанына дайындық барысымен жан-жақты танысқан депутаттар ?«Ауыл шаруашылығы министрлігінің депутаттармен кездесу ұйымдастырып, мәселені ашық талқылауы шаруаларға көп пайдалы болады», деді. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде жалпы егін шаруашылығының жақсы дамып келе жатқанын және бұл салада үлкен жетістіктердің бар екенін атап өтті. Министр мал шаруашылығы мәселелерінің күрделі екенін де жасырмай, бұл салада депутаттардың қолдауын сұрады. Сонымен қатар, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін ең өзекті мәселенің бірі ретінде қайта өңдеу саласына ерекше мән беру керектігін және бұл салаға да депутаттар тарапынан көмек қажеттігін атап өтті. Депутаттар шаруаларды тиімді несиемен қамтамасыз ету үшін «ауыл шаруашылық банкін» құрудың уақыты жеткенін мәлімдеді. Олар сонда ғана агроөнеркәсіп кешенінің түйінді мәселелері шешіле бастайды деп есептейді. Жиын соңында министр биыл егістік алқаптарында ылғал мөлшерінің көп екенін айта келіп, мол астық жинау мақсатында министрлік тарапынан барлық шаралардың атқарылып жатқанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар