Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушіден тұтынушыға тікелей әрі тез жетуі тиіс – Әнуар Нұртазин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда толыққанды азық-түлік хабын қалыптастыруды жеделдету керек. Сондай-ақ, халыққа қаржы өнімдері және салымдар үшін тартымды жобаларды әзірлеп, ұсыну керек. Бұл қарапайым адамдардың ақшасын алаяқтық әрекеттер арқылы жымқырудың алдын алады. Аталған сарапшылық ойды экономикалық шолушы Әнуар Нұртазин ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушіден тұтынушыға тікелей әрі тез жетуі тиіс – Әнуар Нұртазин

«Жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңіндегі экономиканың ең тұрақты секторларының бірі - ауыл шаруашылығы. Жер және ондағы ресурстар мемлекеттің ең маңызды және неғұрлым құнды активі. Және бір себеп елдің жағдайы халықты азық-түлік қауіпсіздігімен қамтумен байланысты. Осы орайда келесі жайттарға мән берген жөн. Өңірлердің жер қорын пайдаланылуына ревизия жүргізуді аяқтап, жергілікті өзін-өзі басқару мен жерді бөлудің ашық тетіктерін әзірлеу керек. Ұсақ тауар өндіретін кәсіпкерліктен бастап, ірі аграрлық шаруашылықтардың теңдігі мен маңыздылығын тану. Бұл жерде өндіріспен айналысатын шаруашылықтың деңгейіне қарай мемлекеттік қолдау шарасын айқындауға болады», - деді Әнуар Нұртазин.

Сондай-ақ, шолушы Қазақстанда толыққанды азық-түлік хабын қалыптастыруды жеделдету керектігін айтты.

«Өңірлердің логистикалық әлеуетін ескере отырып азық-түлік хабын қалыптастыруды тездету керек. Бұл төтенше жағдай кезінде белгілі бір аймаққа көмек көрсету кезінде мемлекеттік қолдау мен тұтастықтың факторы. Яғни азық-түлік өндірісінің орнықты жүйесін құру қажет. Бұл дегеніміз жылыжай кешендері, суармалы жерлер және өнімді мал шаруашылығы. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыруда директивті әдістермен ғана емес, сауда саласындағы монополизация деңгейін төмендетудің нарықтық тетіктерін енгізу арқылы жүзеге асырған жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушіден тұтынушыға тікелей әрі тез жетуі тиіс», - дейді ол.

Одан бөлек, экономист бизнестің дамуында кедергінің болмауы маңызды екенін еске салды.

«Өңірлік деңгейде қажетті жағдайлар жасап, бизнесті дамытуға бағытталатын мемлекеттік қаржыны тиімді игеруге кедергі келтіретін тосқауылдарды алып тастау қажет. Халыққа қаржы өнімдері және салымдар үшін тартымды жобаларды әзірлеп, ұсыну керек. Бұл қарапайым адамдардың ақшасын алаяқтық әрекеттер арқылы жымқырудың алдын алады. Және отандық, әсіресе ұсақ инвесторлардың жұмысына жан бітіреді. Инвестициялық алаңдардың тиімді және әлемде танылған үлгілерінің трансфертін жүргізу де маңызды. Бүгінгі таңда инвесторлар салықтық және басқа да жеңілдіктерге ғана емес, сонымен қатар бюрократиясыз және сыбайлас жемқорлықсыз өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолайлы инвестициялық ортаға мұқтаж», - дейді Ә. Нұртазин.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инфляциялық қысымды азайтып, онымен күресте қателіктерді қайталамауға мүмкіндік береді.