Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару соңғы бес жылда 1,5 есе өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 1,5 есе ұлғайып, 2014 жылы 2,5 трлн. теңгені құрады.
Аталған мерзім ішінде өсімдік шаруашылығы 1,4 есеге (1,3 трлн. теңге) өссе, мал шаруашылығының өнімдері 1,7 есе (1,2 трлн. теңге) ұлғайған. Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 1,6 есе өсіп, 1 042,4 млрд. теңгеге жеткен.
Мамандардың пікірінше, аграрлық сектор экспортқа біршама бет бұрып, бәсекеге қабілеттілігі арта түскен. Ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығару соңғы 5 жылда 1,5 есе ұлғайып, 2,6 млрд. долларды құраған.
Аталған сала инвестициялар үшін де жыл сайын тартымды бола түсуде. Айта кетейік, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестиция 2 есеге ұлғайып, 2014 жылы 166,4 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі де 1,3 есе өсіп, 40,8 млрд. теңгеге жетті.