Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды несиелендіру жөнінде кеңес өтті
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы, Қаржылық қадағалау агенттігі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және екінші деңгейлі банк өкілдерімен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды несиелендіру жөнінде
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Министрліктің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта еліміздегі қайта өңдеу өнеркәсіптеріне берілетін несие көлемінінің қысқаруы, олардың айналымдағы қаржысының азайып кетуіне түрткі болған.
Осыған байланысты кеңесте екінші деңгейлі банктермен қайта өңдеу өнеркәсіптерін несиелеуде туындаған мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылдау үшін, белгілі бір келісімге қол жеткізілді. Осының нәтижесінде Ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жалпы алғанда бұл Меморандум, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды несиелендіру ісін күшейтумен бірге, шағын және орта бизнес нысандарын қолдауға арналған бағдарлама мен еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған өзге де келісімдерді жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр. Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қайта өңдеу өнеркәсіптерін несие ресурстарымен барынша қамтамасыз етуде бірқатар жеңілдіктерді қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен бірге, Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері қайта өңдеу өнеркәсіптеріне Даму-Қолдау бағдарламасын жүзеге асыру ісінде белсенділік танытуға шақырды.