Ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен байланысты көлік пен мүліктер салықтан босатылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен байланысты көлік пен мүліктер салықтан босатылуы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осындай норманы ұсынды. Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Министрдің айтуынша, заң жобасымен жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында шаруа қожалықтарын қоршаған ортаға эмиссиядан босата отырып, бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін 1,5 есеге, ауыл шаруашылығының тауар өндіруші заңды тұлғалар үшін жер салығының ставкасын 5 есеге арттыру көзделеді. «Бұл ретте салық салудың жалпыға бірдей белгіленген режимін қолданатын шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығының тауарларын өндіруші заңды тұлғалар үшін еңбекақы төлеу қоры мөлшерінде қосымша шығыстарға салық салынатын табысты азайту құқығы беріледі. Сосын әлеуметтік салық мөлшерлемесін 6,5 пайызға дейін төмендету ұсынылады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірумен байланысты қызметі бойынша көлік пен мүлікке салынатын салықтан босату ұсынылады», - деді министр Ерболат Досаев.