Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге несие бөлу шарттары бұрынғысынша қалып отыр - А.Мамытбеков
АСТАНА. Сәуірдің 27-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге несие бөлу шарттары бұрынғысынша қалып отыр», деп мәлімдеді бүгін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков Сенат депутаттарымен кездесу барысында,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, холдинг биылғы жылы да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қысқа мерзімге арналған жобаларын қаржыландыруды жалғастыруда. Бұл мақсатқа бағдарлама бойынша 80 миллиард теңге бөлінген. «Сонымен қатар бізде биыл өткен жылғы шарттар негізінде тағы да несиелендіру бағдарламалары ашылды», деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, несиелеу бағдарламаларының операторлары «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Сауда-саттық корпорациясы» болып табылады. Ал несиелік ставкалардың деңгейі банк пен «ҚазАгрокепілдік» ұйымы кепілдік берген жағдайда жылдық өсімі 8 пайызбен беріледі. Ал банк қызметінің құны 4 пайызды құрайды. «Осылайша тиімді сыйақы ставкасы 12 пайызды құрайтын болады.
А.Мамытбековтың сөзіне қарағанда,ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған несиені ауыл шаруашылығы өнімін сатып алатын агроөндіріс кешенінің өкілдері де сатып ала алады. «Осы жүйе арқылы біз банктен кепілдік ала алмайтын ұсақ тауар өндірушілердің ірі компаниялар арқылы қажетті қаржыландыруға қол жеткізулеріне мүмкіндік тудыру мақсатында жасап отырмыз», деді холдинг басшысы.