Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау электронды форматқа көшеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл шаруашылығына мемлекеттен субсидия алу процесі жеңілдей түспек. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мәселелерін құрамында 160-тан астам маман бар жұмыс тобы қарап жатыр. Осыған дейін 9 отырыс өтті. Сала мамандарының өтініш-ұсыныстары назарға алынып, субсидиялау саласына өзгерістер енгізілді. Айтар болсақ, аталған салада сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында субсидия толықтай электронды форматқа көшеді. Яғни субсидияға өтініш беру, қабылдау және соманы растау адамның қатысуынсыз өтеді», - деді Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында.

Министрдің сөзіне сенсек, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау процесі 3-4 ай уақыт алса, енді 1 айға дейін қысқарады.

«Бақылау органдары тарапынан айтылған ескертулерге құлақ асып, тиімсіз, өзекті емес және бақылауы қиын субсидия түрлері қысқартылды. Қаржы бөлуге келсек, ауыл шаруашылығы салалары бойынша сол бұрынғы сомалар сақталып қалады. Бағытына қарай 15 пайыздан 80 пайызға дейін инвестициялық субсидия қарастырылған», - дейді ол.

Айта кетсек, Мәжілісте «Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға арналған жаңа тәсілдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудағы проблемалар, импортты алмастыру перспективалары, өнім бағасын қалыптастыру және басқа мәселелерді талқылап жатыр.


Соңғы жаңалықтар