Ауыл шаруашылығы саласына жанар-жағар майды жеткізу көлемі талапқа сай орындалуда және орындала да бермек - С.Мыңбаев

Бұл туралы бүгін«Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысында Парламент депутаттарының сауалдарына жауап берген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, АИ-92, АИ-80 маркілі бензиндері мен жағармайға деген баға кезінде Ресеймен салыстырғанда 40 пайызға шарықтаған. Ал қазір бұл көрсеткіш 38-36 пайызды құрап отыр.
«Біз заң туралы әңгіме қозғағанда, жанармайға деген бағаның айырмашылығы ең көбі 10-15 пайыз болады дегенбіз. Қалыптасқан мәселені шешу үшін біз бүкіл импортталатын және ішкі нарықтан алынатын жанар майдың барлығын барынша мұнай өңдеуші зауыттарға жөнелтіп жатырмыз. Ал жекелеген мұнай өнімдерін түгел жанар майға айналдыруға болмайды. Дегенмен біз мүмкіндігінше, осы жекелеген өнімдерді АИ-92 бензиніне айналдыруға тырысып жатырмыз», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Ауыл шаруашылығы саласы жанармайды жеңілдетілген бағамен алып жатыр. «Жағар майдың бағасы біздің елде Ресейдегі бағадан 36 пайызға төмен. Ал ауыл шаруашылығына жіберілетін жанар май құны осы көрсеткіштен тағы 10-15 пайызға төмен. «Ауыл шаруашылығы саласына жанар-жағар майды жеткізу көлемі талапқа сай орындалуда және орындала да бермек. Яғни біз ауыл шаруашылығын 10 пайызға мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеміз», - деді С.Мыңбаев.