Ауыл шаруашылығы саласында 77 мың тұрақты жұмыс орны құрылады

«Бірқатар облыста іске асатын жер суару кешендерін жаңарту жұмыстары суармалы жер көлемін ұлғайтып, халықтың егіншілік, мал шаруашылығымен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Есеп бойынша бұл жобалар ауыл шаруашылығында болашақта халықтың табыс көзін арттыратын 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, газбен, сумен, электр қуатымен қамту жаңа жобалары тұрғын үй құрылысына серпін беруге, ауылдықтарға коммуналдық қызметтерді алуына мүмкіндік жасайды.
«Өңірлерде жол карталарын іске асыру басталып кетті. Барлығы 6 506 жобаның ішінде 2 410 жобасы республикалық бюджет есебінен іске асырылады. Тиісті қаражат бөлінген. Сол жобалардың басым бөлігі бойынша 1 мамырда мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, мердігерлер анықталды. Бұл бағытта Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстары алда келе жатыр. Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда олблыстарының қарқыны төмен. 1 мамырдағы жағдай бойынша бірқатар өңірде 1265 жобамен жұмыс басталып кетті. 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 10 300 жұмысшы қабылданды», - деді Біржан Нұрымбетов.