Ауыл шаруашылығы саласында бюджетті қысқарту емес, керісінше мемлекеттік қолдауды арттыру қажет - А.Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласында бюджетті оңтайландыру емес, керісінше мемлекеттік қолдауды арттыру қажет. Бүгін Сенатта агроөнеркәсіп кешенін талқылауға арналған кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осындай пікір білдірді.

Ауыл шаруашылығы саласында бюджетті қысқарту емес, керісінше мемлекеттік қолдауды арттыру қажет - А.Мамытбеков

Министрдің келтірген мәліметіне қарағанда, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде мал шаруашылығының өнімділігі мен өсімдік шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер әлемдік деңгейден әлі де төмен. Сектордағы еңбек өнімділігі де төмен деңгейде болып отыр.

«Сондықтан да, аграрлық секторды қаржыландыру жүйесін қайта қарастыру қажеттілігі туындайды. Бұл ретте ауыл халқы санының үлестік артықшылығын, салада қызмет ететін экономикалық белсенді жұртшылық үлесін есепке ала отырып, мемелкеттік қолдау көлемін сақтау ғана емес, оны арттыру да маңызды деп санаймыз. Сондықтан да, біздің ұсынысымыз мемелкеттік қолдауларды қысқартып, бюджетті оңтайландыруға қатысты болмайды. Керісінше, біз бұған дейін белгіленген жоспар бойынша оны арттыруды қалаймыз», - деді А. Мамытбеков.
Бұл ретте министр «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемелкеттік қолдау 4,5 есеге артуы қажеттігін еске салды.