Ауыл шаруашылығы саласында химияландыру жұмыстары талапқа сай емес - министр

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ауыл шаруашылығы саласында химияландыру жұмыстары талапқа сай емес немесе бізде минералдық тыңайтқыштар аз қолданылуда.

Ауыл шаруашылығы саласында химияландыру жұмыстары талапқа сай емес - министр

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметтеріне қарағанда, еліміздің астық себетін аймақтарында дәнді дақылдардың өнімділігі климат жағдайы ұқсас дамыған елдермен салыстырғанда шамамен 30 пайызға төмен. «Оның басты себебі минералдық тыңайтқыштардың аз қолданылуымен байланысты болып отыр. Осыған байланысты біз минералдық тыңайтқыштар құнын субсидиялауды жеке бюджеттік бағдарлама ретінде қарастырып отырмыз. Сондай-ақ біз аталмыш бағдарламаға өнім өндірушілерді де қатыстырып, оларды химия өнеркәсібін дамытуға ынталандырудамыз», деді министр.

Оның мал шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты айтқан сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар малдың тұқым сапасына байланысты жүргізілуде. Яғни, малдың генетикалық әлеуеті неғұрлым жоғары болса, оған бөлінетін қаржы да соғұрлым көп болмақ.