Ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға 1,5 трлн. теңгеге жуық қаражат бағыттау керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласын алдағы уақытта қаржыландыруға айтарлықтай қажеттіліктер бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылға дейін бекіткен жоспарларына сәйкес басымдық берілген инвестициялық жобаларды іске асыруға 1,5 трлн. теңгеге жуық қаражат бағыттау керек. Бұл туралы «ҚазАгро» холдингінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Айта кетерлігі, «ҚазАгро» компаниясы мен ҚР Ұлттық банкі арасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын ұзақмерзімді кезеңге тарту мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде, Ұлттық банк 2015 жылы «ҚазАгро» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры есебінен 80 млрд. теңге сомасына қаржыландырылатынын мәлімдеген.

Осыған байланысты, «ҚазАгро» холдингі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты жұмсалатын бағыттар бойынша түсінік берді. «Дамудың басым бағыттарының ішінде - жеміс-көкөніс шаруашылығы, интенсивті бақша шаруашылығы, ет және сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, жем-шөп шаруашылығы, мелиорация және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайта өндірісі секілді салалар бар. Министрлік бекіткен жоспарларды іске асырудың негізгі мақсаты - импортқа тәуелділікті төмендету және отандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайту, сонымен қатар ауылдағы шағын және орта бизнестегі жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру. Алдын ала есеп бойынша көзделген барлық жоспарлардың іске асырылуы 2015 жылдың өзінде ғана 30 мың адамды жұмыспен қамтиды», делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, «ҚазАгро» холдингі Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөндірістік кешенді дамытуды қолдау шеңберінде АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру жұмыстарын жалғастыру туралы нақты тапсырма берілгенін алға тартады. Бұл ретте аталған қолдау көлемін 500 млрд. теңгеге дейін ұлғайту тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар