Ауыл шаруашылығы саласындағы жыл сайынғы өндіріс өсімінің қарқыны 5-7 пайызды құрап отыр
Бүгін «Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және инновациялық саясат департаментінің директоры Нүркен Шәбиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының басты секторларының бірі болып табылады әрі осы саланың дамуы тек азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі бойынша ғана емес, мемлекеттің қоғамдық-саяси тұрақтылығы тұрғысынан да маңызды болып отыр. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі өнімдегі үлестік салмағы 6 пайызды құрайды. Ал жыл сайынғы өндіріс өсімінің қарқыны 5-7 пайыз шамасында. Тек, былтырғы жылы әлемдік қаржылық дағдарыстың теріс салдарына қарамастан аграрлық сала дамудың тұрақты қарқынын сақтап, 113 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Бұның өзі соңғы 8 жыл бойынша рекордтық көрсеткіш», деді Н. Шәбиев.
Оның айтуынша, былтырғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бойынша жоғары түсім жиналған. Мәселен, астықтың жалпы жиыны оның алдындағы жылмен салыстырғанда 35 пайызға, майлы дақылдар түсімі 70 пайызға артқан. Ал күріштің жалпы жиыны былтырғы көрсеткіш бойынша - 23 пайызға, картоп 19 пайызға өскен.