Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қысқы және көктемгі егіс жұмыстарына орай 733 мың тонна дизель отыны жеткізілді - С. Мыңбаев
;АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі және күзгі егіс жұмыстарын ырғақты жүргізу үшін Үкімет белгілеген баға бойынша 733 мың тонна дизель отыны жеткізілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осылайша диқандарға дизель отынын жеткізу толығымен шешілді. Бұл мәселе бойынша ешқандай проблема жоқ. «Бағдарламадан тыс дизель отынына қатысты айтсақ, мұндағы баға барынша тұрақты. Республика бойынша шілденің басында 1 литр дизель отынының бағасы 62 теңге болды. Қазір жазғы дизель отынының 1 литрінің бағасы 64-65 теңге. Дейтұрғанмен облыстар бойынша оның бағасында аздап ары-бері ауытқушылықтар бар. Рыноктағы жағдай осындай», деді отырыста С. Мыңбаев.
Жазғы маусымға қарағанда қысқы дизель отынының бағасы біраз жоғары. «Қазір біз мониторинг жүргізудеміз. Тек Солтүстік Қазақстан облысында дизель отынының орташа бағасы республикалық бағадан жоғары. Бұл дизель отынының Ресейден жеткізілуімен байланысты. «Бұл мәселені шешу жөнінде тапсырма бар. Сіздің нұсқауыңызбен құрамына бәсекелестікті қорғау агенттігі, табиғи монополияларды реттеу агенттігі, энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің өкілдігі кіретін жұмыс тобы құрылды. Біз жедел қимылдап жатырмыз, қысқы дизель отынының бағасы бойынша ешқандай мәселе туындамайды», деді министр.